ОЙЫННЫҢ ОЗЫҒЫ БАР ТОЗЫҒЫ БАР

ОЙЫННЫҢ ОЗЫҒЫ БАР ТОЗЫҒЫ БАР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам өмірі аса ірі құндылық. Оны арзан нәрсеге айырбастап жібермеу керек. Оның сәні зейнеті ойын күлкі екендігі анық. Кісі қартайса да ойын күлкіге тоймайды. Көңіл әзіл қалжыңмен сергиді. Шариғатымызда ойын-сауық түбегейлі тиым салынған емес. Оның да өз межесі болуы тиіс. Алла Құранда өмірдің бір бөлшегі «Лагиб» яғни ойын сауық дейді. Атам қазақ «Оралынның барында ойна да күл, бұл өмір басымыздан өткелі тұр» дейді. Салт-сана дәстүрде ойын-сауық жеткілікті. Бірақ оның бәрі адамды жетілдіруге, ой өрісін дамытуға арналған. Мысалға сәбиге «қуырмаш» ойыны жүйек жұмысының жетілуіне себеп болады.

Медицина кестесіне жүгінетін болсақ, бас бармақтың басында, яғни бұлшық етінде ми және тыныс жолдарының нүктелері орналасқан. Балаң үйректің бұлшық етінде көздің, ортан теректе жүйке тамырлары мен көздің шылдыр шүмекте есту қабілетімен ми тамырлары нүктелері түйліскен. Кішкене бөбекте ми тамырларымен тікелей байланысқан. Ал алақанның бұлшық еттерінде бауыр, өт, өкпе, ішек, омыртқа, ішкі құрылыс нүктелері орналасқан. Осының бәрін білген қазақ халқы қуырмаш ойынын ойлап тапқан. Ойын арқылы баланың алақаны мен саусақтарын уқалап массаж жасап, жүйке жүйесін ішкі ағзасын оятып отырған. Сонымен қатар бес саусақ арқылы бес түлік атауын жаттатып, еңбекке құштарлыққа баулыған. Адам тіршілігі қолымен байланысты.  «Қолынан келеді», «қолмен ұстап көру», «қолында тұрған дүние», «қолы ашық», «алақанында тұрғандай», «қолмен істегенді мойнымен көтеру», «қолы ұзарды», «өз қолы өз аузына жетті» т, б тұрақты ел аузындағы тұрақты сөз тіркестері қолдың маңыздылығын білдіреді. Қазақ кішкене сәбиге ойын арқылы осы ұқтырғысы келгендей. Өмірге келген әр сәбиге қол Алланың саған жасаған жақсылығы, оны Алла сүймейтін іске жұмсама деп тұрғандай. Тұсауын кесіп Алланың берген аяғымен алшаң баспа, қолыменде қиянат жасама деп ойын арқылы ұрпағын жетілдірген халықпыз. Бұл ойын өсе келе жас кіші де үлкен де ойнайтын «Бес тас» ойынына ауысады. Махмуд Қашқари еңбектерінде бұл ойынды сақ, ғұндар ойнағандығы туралы мағлумат кездеседі. Бір ғажабы тастың атасын «Нәби» деп атайды. Ол ойынның негізгі құраушысы қадірлі тасы болады. Осы арқылы (Нәби түсіндірмесінде Алланың Елшісі деген сөз) қоғамдағы ең қадірлі кісі Алланың Елшілері болады. Таспен ұқыптылық әрі ептілік танытып жеңгенін сияқты Алла Елшілеріне де қадір тұтуды ойын арқылы тәрбилегендей.

   Асық ату арқылы мергенділікке, көкпар шабу арқылы әскери жаттығуға шындалуды, жамбы ату арқылы ептілікке өз ұрпағын тәрбилеген екенбіз. Мұның бәрі Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен әлемі болсын) сүннетіне негізделеді. Пайғамбарымыз бір сөзінде,  садақ ату, суға жүзу, атқа мінуді сүннетім деген. Ол қазақтың асық ату жамбы ату теңге ілу көкпар аламан бәйге тәрізді  ұлттық ойындарымыздан үйлесіп кетеді. Пайғамбарымыз  өз отбасымен әзілдесіп ойнаған. Тіпті анамыз Айша анамызбен жүгіріп жарысқандығы жазбаларда келтіріледі. Демек, ойын күлкі елдің арасын жарастырса, отбасына жақындарын қуаныш сыйласа, ол сүннетпен біріккен ізігілік болып саналады. Ол бойжеткенмен бозбаланы үйлестірген «Ақсүйек» ойыны, жанға «жау» шапқанда бекем болуға баптайтын «Айгүлек» ойыны, малға жау тигенде ұқыпты болуды үйрететін «Қасқырқақпан» ойыны,  Аллаға тәуеккел етіп кейін шегінуді білмейтін зеректілікке баулитын «Тоғызқұмалақ» ойыны, қайнымен жеңгесінің балдызбен жездесінің арасын жарастыратын «Тобық тығу ойыны т. б осы сияқты ұлттық ойындарымыз тек бізді кемелділікке тәрбилейтін еді. Жауапкершілік, ұйымшылдық, ауызбіршілік, ынтымақ ырыс береке дарытатын еді. Адам жаны ойынға өте құмар. Бірақ сол құмарлықтың дұрыс бағыттамаса, ол шайтанның азғыру құралына айналады. Адамдық болмыстан адамгершілік құндылықтардан ажыратады. Мысалға, Пайғамбар тыйған «нар» ойыны сияқты. Ептілікті зеректікті емес сәттілікті күтіп тұрғандықтан. Адам өз құмарын өз парасат-пайымына, ой-өрісінің өсіп жетілуіне адамгершілік қасиеттерінің кемелденуіне жұмсауы керек. Сол үшін де қасиетті Құранда осындай құмардың жағымсыз жағын «майсир»,  яғни  жеңіл жолмен мал табу деп атайды. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:

«Әй,  мүміндер! Арақ,  құмар,  тігілгентастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас,  шайтанның істерінен.  Одан сақтаныңдар,  құтыларсыңдар.  Негізінен шайтан арақта,  құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып,  Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды.  Ал,  сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[1].

Жағымсыз құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына сүлесоқ қарап,  қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады.

Ұлттық санадан айныған қазіргі уақытта ойынның түр түрі көбейді. Олардың басым бөлігі қоғамды аздырып-тоздырып жатыр. Кісі құмарлығы адамның шайтанына да жынның шайтанына қол болып тұр. Алдамшы қызықтармен алдаған казинолар, жер жұмағын сыйлайтындай болып көрінетін букмекерлік кеңселер, әне ұттың деп ұтып кететін ойын автоматтары, лоторея билеттері, бәске тігілген үйлер көліктер еңбексіз мал табуды қиялдайтындардың қасіретіне айналғандай. Жалпы қандай ойынның мақсаты  ол – ұту.  Ал  жеңіс бір адамға ғана бұйырады.  Демек,  құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып,  шайтанның арбауына түседі.  Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек.  Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады,   барынан айырылады,  қарызға батады.  Ақыры соңында отбасынан,  ағайын-туыстан қара үзіп,  аш-жалаңаш қалады.

Ұтқан адам да шайтанның уәс-уәсіне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады.  Осының бәрі адамды бірі-біріне қаскүнем етеді. Букмекерлік контораларды алдында ұтылса да. барынан айырылса да телміріп отырған қанша жандар бар. Әне ұтамын міне ұтамын деп әркіммен қарыз алып, туыс туғандарына өтірік айтып, жексұрын күйде қалған азаматтар қаншама. Өз-өзіне қол жұмсау не бірін бірі өлтіру отбасының ойраны шығып ажырасу, ұрлық зомбылық ең сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін,  үйін,  көлігін,  т.б.  қажеттіліктерін бәске тігушілер де кездеседі. Осының салдарынан бейкүнә балалар жап шегіп,  қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде.

Ал статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазір Қазақстанда ойын бизнесі саласында 85 лицензия берілген.  Оның 12-і казино,  43-і букмекерлік кеңсе,  15-і ойын автоматы,  тағы 15-і тотализатор. Бұларға құмар болғандардың саны 350 000 асып жығылады екен.

Мамандар ойын құмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін алға тартады.  Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды.  Ал,   құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу да оңай емес.  Былайша айтқанда, түріне қарасаң сап-сау кісі тірлігінің бәрі жұғымсыз әрекеттер.  Ең ауыры – құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қолжұмсайтындар да жыл санап артып барады.  Мәселен,  биылғы статистика бойынша,  жылына Қазақстанда 4000-ға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсаса, олардың басым бөлігі құмар ойынның құрбаны болғандар.

Осылайша, елімізге еңген бұл қасірет бой бермей тұр. Мұның бәрі ұлттық құндылықтарымыздан айырылудан не бұрмалаудан туындаған апат. Ұлт спорты болатын аламан бәйге көкпар дегендерге бәс тігіп, берекесін қашырып жатқанымыз тағы бар. Ұлттық арналарда букмекерлік кеңселерді жарнамалау, тіпті ойындарды  қалта телефонға дейін қолжетімді қылу банктен есепшот аударымдарды жеңілдету жағдайды шиеліністіріп жатыр.

Мемлекет Басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы өз үндеуінде, «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру  жұмыстарына ерекше мән берілуі тиіс,» - деп бекерден бекер басым беріп сөйлемесе керек-ті. Ел болып құмарлықтың құрсауынан құтылмасақ болмайды. Ол үшін айды аспанға шығарудың қажеті жоқ. Тек Ислам негіздеріне сүйенген ата дәстүрімізге оралуымыз керек. Адамгершілікке баулитын сыйластықты бауырмалдықты арттыратын ұлттық ойындарымызбен тәрбиемізді түзесек «лудоманиямен» күресте зор табысқа жетер едік.

Кісі бойындаға құмарлық жанынан жұлып тастайтын сезім емес. Тек оны дұрыс жаққа бағыттау заман талабы.

Алмас Рысханұлы КЕНЖЕМОЛДА

Шу ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active