Дағыстан астанасында тағы бір жаңа мешіт бой көтерді. Елге есімі белгілі, абыройлы дін ғұламасы Абдулхамид-афанди аты берілген ғибадатханада бір мезетте 3 500 мұсылман намаз оқи алады.
Мешіттің ашылу салтанатына қатысқан Дағыстан президенті Рамазан Абдулатипов бүгінде республика көлемінде 1 500-ге жеткен мешіт «фанаттарға емес, мұсылмандарға толуы» керектігін атап өтті.
Ол осымен 2 жыл қатарынан ел іші бейбіт те тыныш екенін айтты. Еске сала кетсек, 2012 жылы Дағыстанда «террористік бағыттағы жүздеген қылмыс» тіркелген деген дерек жарияланған болатын.
«Абдулхамид-афанди атындағы жаңа мешіттің ашылуы бейбітшілікке үндеуші орталық қатарын толтыруы тиіс» деді, Дағыстан президенті.