Мұсылмандарда кеңінен таралған қателіктердің бірі

Мұсылмандарда кеңінен таралған қателіктердің бірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көптеген аяттарда Алла Тағала Құранды иман келтіргендерге «худа, хидаят» - «басшылық» деп атайды. Біз үшін бұл басшылық тек дінге қатысты сияқты болып көрінеді, бірақ негізінде Құран біздің өміріміздің барлық жақтарын қамтитын басшылық болып табылады. Біз Құран-Кәрімнен тек ғибрат алып, оны өмірімізде қолдана білуге үйренуіміз қажет.  

Мұсылмандардың басым көпшілігі Құранды сауап алу үшін оқып, бірақ Құранның басты мақсаты – бізге жол көрсету, басшылық ету екендігін естен шығарып алады. «Хидаят» сөзінен шыққан «худа» сөзіне араб тілі келесідей анықтамалар береді:

* Біреуге жол көрсету;

* Жолды жүріп өтуге көмектесу;

* Біреуді белгіленген жеріне дейін жеткізу.

Құранда мүміндер үшін сансыз тәлім-тәрбие бар. Бұл мақалада Алла Елшісінің (ﷺ) сахабаларының басынан өткерген бір оқиғасы төңірегінде әңгіме қозғаймыз. Бұл нәрсе қазіргі күнде де өзекті болып табылады.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Әй мүміндер! Алла жолында (соғысқа) шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: “Мүмін емессің” демеңдер. Өйткені Алланың қасында көптеген олжалар бар. Бұрын сендер де сондай едіңдер. Алла (Т.) сендерге қамқорлық етті. Сондықтан өте-мөте анықтаңдар. Шәксіз Алла істеген істеріңді біледі» (4: 94).

Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында ислам дінін қабылдап, бірақ өз діндері туралы ашық айтпаған мүміндер туралы айтқан. Сол себепті, мұсылмандар көп құдайға табынатындармен бірге араласып кеткен. Ал мүміндер бір-бірлерін танып-білу үшін амандасқанда мұсылманша «Әссәләмү әлейкүм» деп сәлем беретін болған.

Сахабалар мен мүфассирлер бұл аяттың түсірілуі туралы көптеген себептерін келтірген. Алла Елшісі (ﷺ) әл-Микдад бин әл-Асуад (р.а.) бастаған бір топ адамды ислам дінін тарату үшін жібергеннен кейін осы аят түскен деген нұсқа бар. Ибн Касир өзінің танымал тәпсірінде бұл оқиғаны былай келтірген:

«Ибн Аббас Алла Елшісінің (ﷺ) Микдад бин әл-Асуад бастаған бір топты аттандырғаны келтірілген. Олар бір тұрғылықты жерге келсе, сол жердің адамдарының бәрі қашып кеткенін, тек бір ауқатты адамның ғана қалғанын көреді. Әлгі адам: «Алладан басқа құдайдың жоқ екендігіне куәлік беремін», - деп айтады.

Микдад оны тарпа бас салып, өлтіріп тастайды. Қасындағылардың бірі: "Сен Алладан басқа құдай жоқ екенігіне куәлік берген адамды өлтіріп тастадың. Алламен ант етейін, мен мұны міндетті түрде Пайғамбарымызға (ﷺ) айтып беремін", - деп айғай салады.

Олар Алла Елшісіне (ﷺ) қайтып оралғанда: «Уа, Алла Елшісі, Микдад Алладан басқа құдайдың жоқ екендігіне куәлік берген адамды өлтіріп тастады», - деп айтады.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Микдадты шақырыңдар», - дейді. Ол келгенде: «Уа, Микдад, сен расымен де Алладан басқа құдай жоқ деген адамды өлтіріп тастадың ба? «Алладан басқа құдай жоқ» деген сөзбен сен ертең не істейсің?» - деп сұрайды, міне, сол кезде Алла Тағала осы аятты түсірген екен.

Содан кейін Алла Елшісі (ﷺ): «Егер кәпірлердің арасында тұратын мүмін адам өз дінін жасыратын болса, бірақ кейін онысын айтса, ал сен оны өлтірсең, сенің күнә жасағаның. Уа, Микдад кезінде Меккеде дініңді жасырғанда, сен де осындай күйде болған едің ғой», - дейді.

Алла Тағала мүміндерді «фәни дүниенің баянсыз игіліктерін» іздемеуге үндейді. Жаратушы Жалғыз Алла бұл дүниедегі нәрсенің бәрі – баянсыз, ал Алланың сыйы – мәңгілік әрі жоғалып кетпейтінін біздің есімізге түсіреді. Сондай-ақ, Ол Мекке кәпірлерінің арасында өмір сүріп сахабалардың өз діндерін жасырғандарын да естеріне түсіреді, сондықтан да тағдыр шешілетін шешім қабылдар алдында дұрыстап тұрып ойланып алудың қажет екндігін білдіреді.

Өзіміз де «білместік» кезеңді басымыздан өткергеніміз және сол кезеңде жасаған әрекеттеріміздің тақуа мұсылмандар жасайтын амалдарға еш қатысы болмағаны да өтірік емес. Алайда қазіргі таңда біз толыққанды өмір сүргісі келіп өз имандары үшін нәпсілерімен күресіп жүрген аға-апайларымызға жоғарыдан қарап, сынап-мінеп тастаймыз. Әлдебір себептерге байланысты қазіргі кезде намаз оқи алмай немесе хижаб кие алмай жүргендерге жақтырмай қарайтынымыз неліктен екен?

Алла Елшісінің (ﷺ) сахабалары сияқты өз дініміз туралы ашық айта алмай, өзгелерден жасырған кезімізкөпшілігіміздің басымыздан өтті де ғой. Алла Тағала бұл аятта осы кезең туралы тек сахабаларға ғана емес, сондай-ақ, біздің де есімізге түсіріп тұр.

Егер діндес бауырларымыздың сыртқы бет-бейнесін сынайтын болсақ – Алла мұнымызды біледі. Егер оларды келеке етер болсақ – бұл да Аллаға аян. Кезінде біз де олардың кебін кигенімізді еш ұмытпайық та, тек Алла Тағаланың мейірімінің арқасында ғана біз оң жолға түсе алғанымызды есімізден шығармайық.

Біз өз әрекеттерімізді тек болжамдарға немесе сырт бейнеге қарап негіздей алмаймыз. Зинақор әйелдің қаңғыбас итке су бергені үшін Жұмақтық болған оқиғасын ұмытпаңыздар. Немесе өмір бойы Аллаға құлшылық еткен тақуа адамның өмірінің соңғы күндерін шайтанға қызмет етумен өткізгенін естеріңізден шығармаңыздар.

Сыртқы келбет алдамшы болуы мүмкін, адам жанында ненің жасырылғаны тек Аллаға ғана аян. Сол себепті бір адамдарды жақсы деп, ал енді біреулерді жаман деп айтуға еш қақымыз жоқ.

Усама бин Зейдтің (р.а.) басынан өткен бір оқиғаны келтірейік. Ол (р.а.) шайқастардың бірінде «Лә иләхә илләЛләх» деп айтқан бір адамды өлтіргені келтірілген. Бұл қылығын Усама әлгі көп құдайға табынушы өлімнен құтылу үшін ғана айтқан деп түсіндіргенде, Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Ал сен оның жүрегін ашып көрдің бе? Жүрегімен айтпағанын қайдан білдің?» - деген екен (Мүслим).

Өз болжамдарымызды дәлелдеп алмай, біз әлдебір шешім шығармауымыз керек. Мұсылмандар өз мәселелеріне кешенді түрде қарап, тек содан кейін ғана шешім қабылдауы тиіс. «Қанымыз қайнап» тұрып қаншама шешім қабылдағанымызды естеріңізге алыңыздаршы. Сол сәтте жағдайды жан-жақты қарастырып, барлық дәлелдерге көңіл аударуды ойлаппыз ба?

Тақуалық адам шалбарының немесе сақалының ұзындығымен өлшенбейді. Алла Елшісі (ﷺ) кеудесін көрсетіп: «Тақуалық осында», - деп айтқан болатын (Мүслим).

Жаратылған пенделердің қайсысы күнәһар, қайсысы тақуа екендігі тек Алла Тағалаға ғана аян: «Күдіксіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және тура жолдағыны да біледі» (68:7).

Егер біз осы мақаланың басында келтірілген аятты өз өмірімізде қолданатын болсақ, біздің қоғам өзімізбен бірге өзгеретін болады. Алла Елшісі (ﷺ) Адам балаларының бәрі де қателік жасайды деген. Ендеше, неліктен біз басқаларды сөгуіміз керек?..

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active