Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысы Қосшы қаласының орталығында жаңа мешіттің іргетасын қалау іс-шарасына қатысты.
Ең алдымен Бас мүфтиге жаңа нысанның жобасы жайлы баяндалды. Кейін Діни басқарма төрағасы арнайы капсуланы мешіттің іргетасына қалады.
«Қосшы қала мәртебесін алғалы мұнда халық саны көбейді. Бөгенбай батыр атындағы мешіт 2001 жылы салынған. Бірнеше жылдан бері жергілікті жамағат жаңа мешіт салу туралы ұсыныстарын айтып келеді. Бүгін көптен бері көкейде жүрген, бір жағы жамағаттың сұранысын ескере келе мешіт құрылысы басталды. Осы құтхананың құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бой көтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа тағы да Алла разы болсын дегім келеді» деді Бас мүфти.
Жаңа мешіттің іргетасын қалау іс-шарасында арнайы құрбан шалынып, ҚМДБ Төрағасы дұға жасады. Құрылысы енді басталған құлшылық үйі келер жылы тамызда қолданысқа берілмек. Мешіттің жалпы сыйымдылығы – 500 адам. Одан бөлек жанынан медресе бой көтереді.