Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Сәлем әрі салауат бүкіл әлемге қамқорлық ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы пайғамбары Мұхамедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен салауаттары болсын!
Сан мың ғасыр өтсе де, өшпес, дамылдамас ұлы махаббат бар десе, ол әке мен ананың балаға деген ыстық ықылас, риясыз көңілі, тап-таза пейілі болар еді. Жарық дүниеде ештеңе орнын толтыра алмас бір нәрсе бар десе, ол да ата-ананың аялы алақаны, жылы жүрегі, мейірімді жанары болса керек.
Құрметті мұсылман бауырлар, Алла тағала Құран Кәрімде («Иса» сүресі бұйырды) «Сендерге Раббың тек өзіне ғана бойұсынуды бұйрық, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі, әйтпесе, екеуі бірдей қартайып қалса, «тфу» деуші болмандар зекіп, ұрыспандар. Екеуіне де ізетті болындар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілдікпен бас иіңдер, «Раббым, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым қыл»,-делінген.
Ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сондай-ақ, ата-ананы бұл дүниеде құрметтеп қана бұл дүниеден өткен соң да, оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек. Олар үшін Аллаһ тағаладан кешірім тілеп, артынан дұға жасап тұру перзенттік борышымыз.
Хадисте «Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, Аллаһтың ашуы ата-ананың ашуында», - деген. Сондықтан, ізгілік атаулының ең биігі – ата-ананың разылығын алу. Ата-ана бізді мәпелеп, өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиеледі. Сондықтан, біз де ата-анамызға құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауымыз керек.
Хадисте: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды тұмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» деген.
Жалпы, бала дүниеге келген кезде пәк, Ислам болмысы негізінде туылады. Содан кейін ата-анға аманат етіледі. Ата-ана бұл аманатты тиісінше өз дәрежесінде орындауы тиіс. Бұл ретте, бала тәрбиесінде келешекте оның қай бағытты таңдайтындығына ата-ананың рөлі өте маңызды. Отбасы тұлға шынығып, шыңдалып, қалыптасатын орын. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Міне, жанұя жағдайында баланың тұлғалық қасиеттері бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қаланған қасиеттер әдетте ешқандай өзгерістерге ұшырамайды да мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады.
Ата-анаға қарсы шығу – ең үлкен күнәлардың қатарында. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: -Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? - дегенде, сахабалары: «Иә, айтыңыз», -дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту»,- деп жауап берді.
Ислам діні бойынша ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді үйрету, түсіндіру, әрбір іс-әрекетін қадағалау керек. Сондықтан да, бала тәрбиесі ата-ананың өздерін-өздері тәрбиелеуден басталады.
Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын айту өте қиын.
Жастардын өзінің де бір күні ақ шашты, кемпір-шал болатынын ойлануы керек. Егер, қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай қызмет етуі қажет. Егер ақыретте бақытты болуын қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына. Пайғамбарымыз бір хадисте. « Әке –шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті», - деді. Негізінде, Аллаһ тағала бізді жаннатқа лайық қылу үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Бұл Алланың мейірімділігін танытады. Солардың бірі - әке-шешеге құрмет. Бүгінде қатігез қоғамда өз ата-анасын далаға тастап, баз кешкендер қаншама? Қазақ халқының дүниетанымында қара шаңырақ, бесік секілді ұғымдар – концепт деңгейіне көтерілген, ұлттың ұлылығын танытатын дүниелер. Ал қазіргі қоғамда бұл екеуінің де мәртебесі түскен. Қара шаңырақта ақылын айтып, барын беріп, бағыттап, жол сілтеп, жөн көрсетіп отыратын ата-ананың орнын қарттар үйі деп түсінетіндер көбейген.
Кез келген нәрсе дәл уақытында құнды. Бес күндік жалған дүниеде ата-ананың орны да сондай. Бұл дүниеге бәрі – қонақ. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес. Ендеше, аз ғұмырдың ең сыйлы қонақтарын қадірлеп, разы қылудан артық не бар екенін ұмытпауымыз керек.
Ата-анаңа қалай құрмет көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көрерсің. Өз балаңыздан қандай жақсылық күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз .Не ексеңіз, соны орарсыз. Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаңда өзіңе емес пе. «Ата-ана не қылсаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз аналарымыз бен данагөй қарияларымызды ардақтайық, көңілдеріне қаяу, жүректеріне қайғы салмайық, ағайын!
Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы
Жамбыл облысы
Жамбыл ауданының бас имамы