Малайзиялық танымал эстрада әншісі баспасөз мәслихатында өзінің Ислам дінін қабылдағанын мәлім етті. Бұл жайында News Straits Times хабарлады.
Әнші оны көпшілік орамал тартып, ұзын киінген түрде байқағандықтан, осы формада жұртшылықтың алдында өз өмірінде болған өзгерісті жария етуге бел буған.
«Иә, мен кеше Ислам дінін ресми қабылдадым. Бұл менің өмірімдегі ең керемет күн» дейді Стейси Энджи Анам.
Стейси жергілікті діни басқармаға келіп, бірқұдайлықтың белгісі - кәлима шаһадатын айтты. Бұл рәсімге арнайы имамдар мен оның ата-аналары да қатысты. Ол осыдан соң өз аты-жөнін Умму Шейха Стейси бинти Анам деп толықтырды.
Осы уақытқа дейін 4 жеке музыкалық альбомын жарыққа шығарған 25 жасар әнші христиан дінінен Исламға өтуін тыңдармандары түсіністікпен қабылдайды деген сенімде.
«Мұсылман болу – үлкен жауапкершілік. Көп нәрсені үйрену керек. Сол себепті, қазір мен жақсы үлгілі мұсылман болу жолында ізденемін. Сонан соң неке жайлы ойлануыма болады» дейді Стейси бинти Анам.