Бүгін Шымкент қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ОҚО әкімдігі, ішкі саясат және дін істері басқармасы Әлеуметтік бастамалар орталығының ұйымдастыруымен «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады.
Екі күнге жалғасатын конференцияға мемлекеттік және аймақтық, облыстардағы дін істері басқармалары және «Оңалту орталықтары», ғылыми мекемелер өкілдері, ЖОО-ның дінтанушы оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар шақырылып отыр.
Конференция жұмысы «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» тақырыбындағы пленарлық мәжіліспен ашылып, «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі», «Қазақ хандығы тұсында діннің маңыздылығы» және «Дін және мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұғымының ұстанымы» атты секциялық отырыстарымен жалғасады деп жоспарланған. Сонымен қатар, форумның соңғы жиынында секциялық жұмыстар қорытындыланып, Үндеу қабылданады.
Аталмыш конференция Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, қонақтарға қазақ тарихындағы өзіндік орны бар қасиетті Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенелеріне арнайы зиярат экскурсиясы да ұйымдастырылмақшы.