Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында «Ислам экстремизм мен терроризмге қарсы» атты тақырыпта халықаралық конференция өтті.
Конференцияны ел президентінің әлеуметтік қатынас және даму саласы бойынша көмекшісі Абду Жаббар Рахман: «Терроризмнің ұлты да, діні де жоқ. Ол бүкіл әлемге таралған дерт және барша адамзат баласына төніп тұрған қауіп», деп ашып берді.
Халықаралық жиынға бірқатар елдің дін көшбасшылары, саясаткерлері мен көптеген халықаралықұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл қатарда Қазақстан Республикасының атынан Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Мұхамеджанұлы Абзалбек қатысып, баяндама жасады. Ғабит Мұхамеджанұлы өз сөзінде осындай ғаламдық маңызы бар ауқымды шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Бұл форум қазіргі қоғам үшін қауіпті экстремизм мен терроризм секілді дертпен күресуде халықаралық әріптестікке жаңа екпін береді деп сенемі. Конференция атауының маңыздылығына күмән жоқ. Себебі, дін атын жамылған экстремизм қаупі халықаралық деңгейде үлкен мәселеге айналып отырғаны белгілі. Осы мәселеде форум барысында ғылыми ой-пікір, тәжірибе алмасу, талқылау діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес шараларын іске асырудың нақты бағыттарына жол ашады» деді төраға орынбасары.
Ал «Әл-Әзһар» университетінің фиқһ негізінің оқытушы докторы Исмайл Мұхамед Әли өз сөзінде: «Біз бәрінен бұрын қоғамды теріс идеологияның арбауына түспес үшін нақты жұмыстар жасауымыз қажет. Ол үшін мешіттердегі уағыз-насихаттар мен халықаралық бас қосу отырыстары жеткіліксіз. Біз бұдан бөлек қоғаммен тығыз байланыс орнатып, Ислам дінінің ортаңғы ұстанымын халыққа оқыту жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ол үшін әрбір елдің БАҚ беттерінде, оқу ордаларында және әлеуметтік желілерде діннің ортаңғы ұстаным туралы мәліметтерді көптеп жариялауымыз қажет. Бұл үшін біз негізгі 6 қағиданы ұстануымыз керек, олар: 1. Кез-келген діннің орта ұстанымын насихаттау, 2. Фанатизмнің теріс тұстарын насихаттау, 3. Хауариждердің теріс ұстанымдарын баяндау, 4. Хауариждерден сақтандыру жолдарын анықтау, 5. Тәкфир идеологиясының теріс екенін насихаттау, 6. Аллах харам еткен бейкүнә адамның қанын төгуден сақтандыру жолдары» деп, түйткілді тақырыпты шешудің жолдарын ұсынды.
E-ISLAM