Астана қаласында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен республикамыздағы түзеу колонияларында уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп келе жатқан дін қызметкерлерінің басқосуы болып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 40-тан астам имамдар басқосу барысында бұған дейін атқарылған шаралар жайын талқылап, алдағы жарты жылдыққа жоспар түзді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен құрылған бұл топ мүшелері уағыз-насихаттарының шеңбері күні бүгінге дейінгі әртүрлі режимдегі 50 колонияны қамтыған. Эктремистік және діни лаңкестік көзқарастағы азаматтарға ақиқатты танытып, теріс пиғылды бағыттарынан бас тартқызу жолында бұл топ мүшелерінің атқарған еңбектері аз емес.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі, Прокуратура мен Дін істері комитетінің қызметкерлері қатысқан бұл басқосудың маңыздылығы жайлы айтпаса да түсінікті. Абақтыда жатып, «ақида» жайлы әңгімемен танысқандардың көбісі өзіне рухани таяныш етер ілімі болмағандықтан, адасып кете баратыны сөзсіз. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында абақтыларда арнайы уағыз жүргізетін топ жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері де талқыланды. Дін қызметкерлері көбіне-көп колония аумағына кірер кезде кедергілердің көбейіп кететіні туралы мәселе көтеріп, ұсыныс білдірді. Бұған қоса, абақтыларға апарылатын діни кітаптардың ҚМДБ-ның сараптау комиссиясының мақұлдауынан өткен болуы керектігі қозғалды. Сондай-ақ, осы кітаптардың түзеу колонияларына жеткізілу мәселесін жолға қою туралы ұсыныстар айтылды.
Басқосу барысында ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз эктремистік және лаңкестік баптар бойынша бас бостандығынан айырылғандардың ақиқатты танып, алған бетінен қайтаруда дін қызметкерлерінің атқарған еңбегі орасан екенін атап өтті. Алдағы уақытта аталмыш бағыт бойынша жемісті нәтиже күткіміз келсе, баршамыз бірлесе қимылдауымыз қажет деді Серікбай Ораз. Бұған қоса, ол түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқандардың діни құлшылықтарын толығымен өтей алуына мүмкіндік қарастыру керектігін баса айтты.
muslim.kz