Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары ақын, жазушы, философ және ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойын атап өтті.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы Баянауыл ауданында өткен мерейтойға арнайы қатысты.
Наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі жанына жиналған қауымға Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, данышпан бабамыз халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқанын, ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз екені туралы айтып, облыс тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Жамағатқа жақсылық, бейбітшілік және амандық тіледі.
Келесі кезекте облыс бас имамы Жолас Қоспақұлы Мәшһүр атамыздың рухына Құран хатым бағыштап, дұға жасады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы Қазақстан әдебиеті мен қоғамында лайықты орын алады. Бүгінде Мәшһүр атамыздың құрметіне салынған Павлодар қаласының бас мешіті – мұсылман халқының киелі шаңырағына айналды. Ал, 2006 жылы бой көтерген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілген. Оған жыл сайын мыңдаған адам зиярат етуге және баба рухына құран бағыштауға келеді.
Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.