Жұмыр басты пендеге тән қасиеттердің бірі – қолда бар нығметтен айырылып қалмағанша, оның қадірін білмеу. Байқап қарасаңыз, Алла Тағаланың Өз жаратқанына нәсіп еткен нығметтері қаншама десеңізші. Тіпті санына жету мүмкін емес. Ал адам баласына үнемі бір нәрсе жетпей, жетіспей жүреді. Қарапайым ғана мысал келтіріп кетейінші - жап-жас он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жігіт.
Әлгі жігіттің не айтатынын қараңыз: «Менің соңғы үлгідегі автокөлігім жоқ. Менің сән-салтанаты жарасқан үйім жоқ. Менің дене бітімі «топ модельдей» қалыңдығым жоқ. Менің жалақысы қомақты жұмысым жоқ». СубханАлла. Тек жоқтан басқа түк айтпайды. Айналып келгенде, мұның бәрі оның жастығы деп ақтап алғың да келеді, алайда осы бауырым Алла Тағаланың оған нәсіп еткен денсаулықтың қадірін де бағалап отырған жоқ қой. Туғаннан көр соқыр болып, оны алып жүретін адамның көмегінсіз бір қадам да жасай алмаса қайтер еді?
Жарық дүниені бір көруге зар болар еді. Туғаннан тас керең болса - бұл дүниенің сан-қилы дыбыстары мен құбылжыта салған құстардың әнін, күніне бес уақыт шақырылатын азан дауысын бір естуге зар болар еді. Немесе сал болып, төсек тартып жатып қалса. Жағдайы не болар еді? Өздігінен тұрып-жүруге, өздігінен жуынуға зар болар еді. Неге адам баласы Алланың берген нығметтеріне шүкіршілік айтудан қалған? Жарық дүниені көргізіп, өздігінен тұрғызып-жүргізген, құлағын естіртіп, сөйлеу қабілетінен айырмағаны үшін Алла Тағалаға разылығын неге білдірмеске?
Басымызға Алланың ауыр сынағы түспей тұрып-ақ бұл дүниенің, денсаулықтың, ата-ананың, дос-жаранның, бала-шағаның және қолда бар нығметтің қадірін білуге нәсіп етсін Алла! Таңертең ұйқыңыздан оянып, көзіңізді ашуыңыз, шырылдап салған құстардың әнін естуіңіз, томпайып ұйықтап жатқан сәбиіңіздің бетінен иіскеуіңіз – міне, мұның бәрі де Алланың сізге қайтарымсыз берген нығметтері емес пе? Аядай болса да өз баспанаңыз болғанына шүкір айтыңыз, бәз біреулер 3-4 баласымен біреудің үйін жалдап күн көріп жатыр. Ескі де болса көлігіңіздің барына шүкір деңіз, енді біреулердің велосипед алуға да қаражаттары жоқ.
«Топ модель» болмаса да қасыңыда жүрген балаларыңыздың анасы – жүрегінде иманы бар сүйген жарыңыздың барына шүкір деңіз, біреулер болса бұл өмірден қу тізесін құшақтап, өмірі отбасын құрмай өтуде. Алланың нәсіп еткен нығметін қадірлей білейік. Жер планетасында өмір сүріп жатқан әрбір адамға аса маңызды нәрсені айтуға менің мүмкіндігім болса, мен: «Қолдағы барыңды бағала!», - дер едім...
Ақерке Сыдықова