Жақсылық жақсылыққа жетелейді деп өте дұрыс айтылған. Егер сіз адамдарға бір жақсылық жасасаңыз, айналаңыздағы адамдарды сізге де жақсылық жасауға итермелейтін боласыз.
Адамның жасаған жақсылығы да, жамандығы да өзіне қайтарылып отыратын құбылыс, сондықтан егер маңайыңыздағы адамдар сізге жақсы қарым-қатынаста болсын десеңіз өзіңіз жақсылық нұрын шашуыңыз керек.
Төменде көрсетілген қарапайым амалдарды жасау арқылы сіз тек қана жақсылық жасап қоймайсыз, сонымен қатар, сауапқа да кенелесіз.
1. Айналаңыздағыларға қошемет көрсетіңіз
Қасыңыздағы адамдардың сыртқы келбетін, олардың үйін, аспаздық қабілеттерін және басқа да жақсы қасиеттерін айтып, қошемет көрсетіп отырыңыздар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, елеусіз айтылған сіздің қошемет сөзіңіз әлде бір адамның көңіл-күйін көтеріп тастайтыны сөзсіз, алайда, сіздің сөздеріңіз шынайы болуы тиіс.
2. Қасыңыздағылардың жетістіктеріне қуана біліңіз
Өзіңізді қоршаған адамдардың жетістіктеріне жан-тәніңізбен шынайы түрде қуана біліңіз де қызғаныш танытпаңыз. Негізі, қызғаныш сезімі адамның өзі үшін зиян, өйткені қызғаныш адам жүрегінде жеккөрушілік пен теріс сезімдерді тудырады.
3. Күлімсіреп жүріңіз
Кездескен адамдарыңыздың бәріне күлімсіреп қарауға үйреніңіз. Күлімсіреу арқылы сіз маңайыңыздағы адамдардың да көңіл-күйін жадыратып жіберетін боласыз. Адамдарға амандық пен берекет тілейтін «әссәләму әлейкум» сөзімен сәлем беріңіз.
4. Өзгелер үшін дұға жасаңыз
Мүмін адамның мықты құралы дұға болып табылады. Шүбәсіз, әлдекім үшін дұға жасауға ары кетсе бір-ақ минут уақытыңыз кетер, есесіне, Алланың қалауымен, әлгі адамның өмірін түбегейлі өзгеруіне себепші боласыз. Сонымен, басқа бір адамға дұға жасау арқылы сіз жақсы амал жасаған болып саналасыз.
5. Жұмсақ сөйлеңіз
Қасыңыздағы адамдармен жұмсақ сөйлесіңіз. Сіздің көңіл-күйіңіз маңайыңыздағылардың бәріне әсер ететіндіктен, үнемі тек жақсы көңіл-күйде болып, жақсы сөйлеуге тырысыңыз.
6. Тыңдай біліңіз
Егер әлдекім өз мәселесі жайында сізбен бөліскісі келсе, сол кісіге көңіл бөліп, айтқанын мұқият тыңдауға тырысыңыз. Орынды кеңес бере біліңіз.
7. Кешіре біліңіз
Егер біреуге ашуланып жүрсеңіз, ашудың соңында кетіп, ол кісіге деген өкпе-назыңызды ақтарп тастағанша, оған кешірім беріңіз. Кешіргеніңіз өзіңіз үшін хайырлы болады.
8. Көмектесе біліңіз
Әріптесіңіздің жұмысы басынан асып жатқанын немесе ас үйде жүрген анаңыздың шаруадан қолы босамай жатқанын көрсеңіз, бірден көмек қолыңызды созып, жәрдем етіңіз.
9. Кез-келген жағымды нәрсені жасауға тырысыңыз
Кез-келген қоғамдық көлікте келе жатсаңыз, көлікке мінген қарт адамдарға, мүгедек жандарға немесе аяғы ауыр әйелдерге тұрып, орныңызды беріңіз.
10. Қызмет ете біліңіз
Егер әлдекім сізден бір стақан су беріп жіберуіңізді өтінсе, ол кісіні жерден алып, жерге салып сөкпей, лып етіп барып сұраған нәрсесін әкеліп бере салыңыз. Сіздің ештемеңіз кетпейді, есесіне жақсы амал жасағаныңыз үшін сауап аласыз.
Жоғарыда айтылған амалдарды жасауға көп күш-жігер кетпейді, алайда Алла Тағала алдында бұл амалдар аса құнды болып табылады.
Аталмыш амалдар өзге де адамдарды жақсылық жасауға итермелейтін болады, осылайша, әлемді жақсы жаққа өзгертетін тыныштық пен берекет ахуалына бөлейді. Қиямет күні Алла Тағала біздің таразымыздың жақсы амалдар жағының ауыр тартуын нәсіп етсін. Әмин.