Атырау қаласына қарасты Ақжар ауылында 500 орындық мешіт пайдалануға берілді.
«Ар-Рахман» деп аталатын Алла үйінің ашылу салтанатына Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған өңір имамдары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
«Мешіт – имандылықтың, тәрбиенің ошағы. Алланың мейірімділік сипатының атауын иеленген бұл мешіттің халықтың игілігі үшін қызмет жасайтын құтты орын боларына сенеміз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерімізге мешіт салумен бірге, жалпы білім беретін мектептер салу туралы да ұсыныстар айтып келеміз. Осы ретте мешіт жанашыры болып жүрген кәсіпкерлердің қолдауымен Атырауда «Алаш» мектебі ашылды. Қыздарға арналған зайырлы мектеп салынуда. Мешіттер жастарды әрі рухани, әрі зайырлы білім алуға үндейді. Жастар арасынан шыққан ғалымдар, білікті мамандар еліміздің болашағын жасаушылар. Сондықтан, мешіттер ағарту саласындағы барлық ізгі бастамаларды қолдайтын рухани орда ретінде қызмет етуде», – деп атап өтті бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Сондай-ақ, бас имам мешіттің салынуына атсалысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, Болат Мәселемұлы және Асхат Талғатұлына кіші қажылыққа жолдама табыс етті. Алғыс хатпен марапатталған жанашыр азаматтар қатарында Арман Мырзабайұлы мен Нәсіпқали Әліпқалиұлы бар. Атап өтерлігі, кәсіпкерлер мешіт имамының жалақысын, мешіттің ішкі шығындарын өтеу міндеттерін де өз жауапкершіліктеріне алып отыр.
Еске сала кетелік, қос қабатты зәулім мешіттің сыйымдылығы 500 адамға арналған. Құран оқу, ерлер және әйелдер бөлмесі, асхана таһаратханасы бар. Және имам үйі мен діни сауат ашу орталығы да жапсарлас орналасқан.