ҚАЖЫ БОЛУДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҮЛКЕН

ҚАЖЫ БОЛУДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҮЛКЕН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы имамдарға жолдаған бағдарлық баяндамасында қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға, қажылық жасауға ниет еткен азаматтарды арнайы курстан өткізуге, жамағат арасында қажылық сапарының мәні мен мағынасын көбірек насихаттауға, қажының рухани келбетін қалыптастыруға назар аударды.

Бас мүфти бағдарлық баяндамасында айтқандай, елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. «Халқымыз қажыларға ерекше құрмет көрсетіп, әрқашан төрін ұсынған. Алайда ел ішінде қажылыққа барып келген кейбір азаматтардың ұлы сапар туралы жағымсыз пікірлері әркез айтылып қалады. Қажылық жұмысты ұйымдастырудағы басты назар аударатын мәселенің бірі – болашақ қажыларды діни, рухани, моральдық тұрғыдан дайындау.

Бұл ретте қажылыққа ниет еткен отандастарымызбен тығыз жұмыс істеп, оларды алдағы қасиетті сапарға облыстық, аудандық, қалалық статустағы мешіттерде арнайы оқыту курстарында қажылық сапарына дайындау қажет. Халқымыз қажылыққа барған азаматтарды «қажы» деп құрметтеп, оларға ерекше ілтипат көрсетіп келеді. Қажылар да өз кезегінде көркем мінезімен, адалдығымен, әділдігімен өзгелерге өнеге болуда. Сондықтан қажылармен әрдайым тығыз байланыста болып, олармен нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет деп санаймын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өткен жолы қажылыққа барып келген бір атамыздың сұхбаты мұсылман жамағаты, жалпы қоғам арасына лезде тарап, түсінбеушілік тудырды. Қажылықтағы қызмет түрлерін, қажылық компаниясының қызметкерлерін сынаған атамыздың сөзі қоғамда қасиетті сапар жайлы керағар түсінік қалыптастыруға әсер еткені жасырын емес. Біз осы ретте қажы болудың жауапкершілігі жайлы аз-кем айтып кетуді жөн санадық.

Біз кейде көрген, естіген нәрсеміздің бәрін айта береміз. Көрген, естіген нәрсенің бәрін айта берудің жауапкершілігін сезіне бермейтін сияқтымыз. Осындайда хазіреті Әлидің (Алла оған разы болсын): «Айтылғанға дейін сөздің иесі сен боласың, айтқан соң сөз сенің иең болады», – деген ескертуі еске түседі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында мен үшін ең сүйіктілерің әрі Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең көркем болғандар. Сондай-ақ мен үшін ең жеккөрініштілерің әрі Қиямет күні менен ең алыс болатындарың – көп сөйлейтін мылжыңдар, ділмәрсіп аузын көпіртіп сөйлейтін лепірме мақтаншақтар және басынан сөз асырмайтын тәкаппар сөзшеңдер», – деген.

Біз бұл хадистен әрбір сөзімізді байқап, бағамдап, әдеппен айту қажеттігін түсінеміз. Әрине, миллион адам жиналған жерде, дәлірек айтқанда, қажылық маусымы кезінде біз күтпеген көптеген келеңсіз нәрселер болады. Әлемнің әр бұрышынан келген мұсылмандардың менталитеті де әртүрлі болатыны заңды құбылыс. Қажылыққа барған адам әр нәрсенің жақсы жағын көріп, мейлінше өзіне ғибрат алғаны абзал.

Бір күні Муғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарға шығады. Осы сәтте ол Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын істі айтып беріңізші», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында сен өте маңызды әрі ауыр істі сұрадың. Бірақ оны Алла жеңілдетсе, пендеге жеңіл болады. Аллаға ешнәрсені серік қоспай құлшылық ет, намаз оқы, зекет бер, Рамазан айында ораза ұста және қажылыққа бар! Саған жақсылықтың қақпаларын айтайын ба? Ораза – қалқан, ал садақа – су отты өшіргендей қателіктерді өшіреді. Сондай-ақ түн ішінде оқылған нәпіл намаз», – деді. Осыдан кейін: «Олар түнде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді...» («Сәжде» сүресі, 16-17 аяттар) деген аятты оқиды.

Осы кезде маған:«Істің бастауы, өзегі және оның шоқтығын айтайын ба?» – деді. Мен: «Әрине, айтыңыз!» – дедім. Ол: «Істің бастауы – Ислам, оның өзегі – намаз, ал жоғарғы шыңы – күрес», – деді. Осыдан кейін сөзін жалғап: «Осы айтылғанның барлығын ұстап тұрудың жолын көрсетейін бе?» – деді. Мен: «Әрине!» – дедім. Сонда ол тілін көрсетіп: «Мынаған ие бол!» – деді.

Мен: «Уа, Алланың елшісі! Сонда біз сөйлеген сөзіміз үшін де жазаланамыз ба?» – деп сұрадым. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Муғаз! Адамдар тозаққа етпетімен сүйретіліп осы тілімен айтқан нәрсесінің жазасы үшін апарылмай ма?» – деді. Алла Тағала бізді мұндай қасіреттен сақтасын! 

Қазақ халқы қажыны ерекше құрметтеген. Қасиетті Мекке мен Мәдинадан келді деп оны барынша қадірлеген. Осы ретте қажылар да өзінің әдепті сөзімен, ісімен, көркем өнегесімен, жақсы мінезімен айналасындағы адамдарға үлгі болуға тырысуы тиіс. Өйткені қажы болудың жауапкершілігі үлкен.

 

Айдос МУТАЛИЕВ,

Бекет ата мешітінің наиб имамы

Ақтау қаласы

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: