ҰЛЫ САПАР ҰЛАҒАТЫ

ҰЛЫ САПАР ҰЛАҒАТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Араб тілінен аударғанда «қажылық» сөзінің тілдік мағынасы «қажылыққа бару», «дәлелдеу» дегенді, ал шариғи мағынасы «белгілі бір айларда арнайы жерлерде, нақты істермен зиярат жасау» дегенді білдіреді.

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» дейді Жаратушымыз «Имран» сүресінің 97-аятында. Бұл аятта Құрбан айт кезінде жасалатын үлкен қажылықтың барша мұсылманға парыз екені айтылып тұр. 

Жол сапарына мүмкіндігі бар, балиғат жасына жеткен әрбір мұсылман өмірінде бір рет қажылық парызын өтеуі керек. Шариғаттағы бес парыздың біріне жататын осынау парыз амалды бүкіл ғұмырында бір мәрте ғана өтесе болады. Бұл – адам баласына денесімен қоса дүниесімен бірлесіп жасалатын құлшылығы. Пайғамбарымыз (оған Алланның сәлемі мен салауаты болсын): «Ұмра мен ұмра арасында жасалған күнәлар кешіріледі. Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат»,­­ – деген. Яғни құлшылығы қабыл болған мұсылманның Алладан алар сыйы – жәннат. Сондықтан адам баласы ұлы сапарға «Алла Тағаланың ризалығына бөленсем екен» деген бір ғана ниетпен барады.

Қасиетті мекенге әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандар дүниелік ойын бір сәт естен шығарып, зор ықыласпен құлшылық жасайды.

Қажылық сапарына барған мұсылмандар зәм-зәм суынан мейірлене шөлін қандырады. Исмайыл (оған Алланың сәлемі болсын) мен анасы Ажардың заманында пайда болған қасиетті бұлақтың суы Мекке мен Мәдина мешіттерінің бұрыш-бұрышына арнайы ыдысқа толтырылып қойылған. Ғасырлар бойы миллиондаған қажының таңдайын жібіткен, дүниежүзінің түкпір-түкпіріне таралып жатқан, әйтсе де ернеуі ортаймаған қасиетті бұлақтан дәм тату – тек мұсылман баласына ғана бұйырған несібе. Осынау ұлы сапарға келген адамдар ұлы ұстазымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті бойынша, сапарға Меккеге және Мәдина шаһарларына барады. Осы орайда Мекке қаласына сапарға шықпас бұрын, ол жақта орындалатын амалдарды толық үйреніп алған дұрыс.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде білім алудың барша мұсылман ер мен әйелге парыз еткенін айтып кеткен. Бұл хадисті ғалымдар: «Балиғатқа жеткен мұсылманға намаз оқу қаншалықты парыз болса, намаздың шарттарын үйрену де соншалықты парыз болады. Тура сол секілді ораза ұстаушыға оразаның, зекет берушіге зекеттің шариғат білімін үйрену – парыз. Сол секілді қажылық парыз болған жанға қажылықтың міндет-шарттарын үйрену – парыз» деп түсіндіреді. «Ғылымсыз қылған ғамал – құр қиналу» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бұл сапардың түпкі мақсаты мен мәні қасиетті жерді қызықтап қайту емес, Алланың алдындағы парызымызды өтеу болмақ. Сондықтан онда жасалатын ғибадатты қате-кемшіліксіз орындауға мұқият дайындалудың мәні зор. Сондай-ақ Исламның қайнар көзі болған мекеннің тарихымен алдын ала танысу, Мекке-Мәдина қаласын дін дұшпандарынан азат ету үшін қаншама тер төккенін білу, Мекке қаласындағы қасиетті Қағбаны тұрғызған әкелі-балалы пайғамбарлардың өмірімен танысу, хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын, Құран Кәрімнің алғашқы аяттарының түсуі, әлемдегі барша исі мұсылманның жүрегінің төрінен орын алған Ислам әлемінің кешегісі мен бүгіні жайлы мол мағлұмат алған жөн. Сонда бұл құлшылықтың аса тереңдігі мен мән-мағынасын сезінеміз.

Қажылық кезінде бай мен кедей, басшы мен қосшы, түр-түсі әртүрлі түрлі ұлт өкілдері бір сапта тұрып, бірдей ақ матаға оранып құлшылық жасайды. Бұл сурет Қияметте барша адам баласының бір мекенде жиналатынын білдіріп тұрған кіші белгі іспеттес. Он сегіз мың ғаламның Раббысы болған Алла Тағала барлық адамның бірдей, олар тек құлшылық амалымен ғана ерекшеленетінін сөзсіз ұғындырып тұрғандай. Меккеге сапар етіп барудағы  хикметтің бірі – Алла Тағалның берген дәулетіне, денсаулығына шүкірлік білдіруде.

Меккенің сыңары болған Мәдина қаласы да Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арқасында берекелі әрі қасиетті мекенге айналды. Меккеге барған әрбір исі мұсылман Мәдинада жатқан Пайғамбарымыздың жеріне барып сәлем бермей кетпейді. Ол жерде де бірнеше күн тұрақтап, құлшылық жасайды. Себебі Мәдинада жасалған құлшылық мың есеге көбейетінін өсиет еткен.

Құдіреті шексіз Алла Тағала еліміздегі көптеген мұсылман бауырларымызға жыл сайын қажылық сапарын нәсіп етеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, жүрегіне иман ұялаған қаншама қандасымыз араб жазирасына аяқ басуға ниетті. Ендеше отандастарымызға сапар сәттілігін тілеп, қабыл болған қажылықпен Отанымызға аман-есен оралуын тілеймін!

 

Қабылбек ӘЛІПБАЙҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Мұнара» газеті, №12, 2023 жыл 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: