ҚҰРБАН АЙТ: ҚАСАПШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

ҚҰРБАН АЙТ: ҚАСАПШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қасапшыларға арналған республикалық онлайн оқу-семинары өткізілді.

«Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» семинарына наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы және еліміздің барлық өңірінен 150-ге жуық қасапшы қатысты.

Семинарда барлық өңірде құрбандық шалынатын орындарды әзірлеу, қаупісіздік-тазалық шаралары, қасапшылар даярлау және оларға құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттары кеңінен түсіндірілді, халал стандартқа сай мал бауыздап, ет өңдеу тәртібі айтылды.

Бас мүфтидің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы: «Алла Тағала Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» деген. «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деген сөзі бар. Малды Алла Тағала адам ырзығы үшін жаратқан десек те оның бауыздау тәртібі мен міндеті бар. Құрбандықты шариғат жолымен соймайынша халал болмайды. Қазақ «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Бір көзбен қарағанда мал сою – оңай іс секілді. Алайда көпшілік мән бере бермейтін, шариғатымызда бекітілген, халал стандартымызда нақтыланған мал бауыздаудың өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар, оларға өте мұқият болыңыздар» – деп атап өтті.

Өз кезегінде Батыржан Берденұлы Құрбан айттың шариғи мағынасы мен тарихына және құрбандық шалу кезінде кездесетін қателіктерге тоқталып, құрбандық шалу үлкен құлшылық екендігін жеткізді. Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

 
 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: