Халық даналығында: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп.
Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Мұндай тіл кесапаттары салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Осы себепті де жала жабу – дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады.
Жала жабу – үлкен күнә және үлкен жамандық, күнәсі ғайбаттан да ауыр. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді, ал өтірік айту өз басына бір харам. Жала жауып мұсылманды ренжіту де бар, бұл да бөлек харам. Бұлардан басқа, жала жабу жер бетінде бүлік шығаруға, қоғамды бұзуға себеп болады, бұл да харам болып табылады.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі сахабалардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар: «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар: «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Бір адам бір мұсылман жайында ол істемеген бір нәрсені айтса, жалаға ұшыраған адам оны кешіргенге дейін Аллаһу та’ала оны тозаққа тастайды.«Бір мұсылманда әр түрлі мінез болуы мүмкін. Алайда қиянат пен өтірік бола алмайды.»
Құран кәрімде де былай делінген: «Өтірік айтатындар, жала жабатындар – олар Аллаһтың аяттарына сенбейтіндер. Міне олар – өтірікшілердің дәл өздері.»
Жала жабудың түрлері:
Бірінші: Алла Тағалаға жала жабу. Бұл жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Бұған: Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда: «Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?»
Алла Тағалаға дұшпан болғандар аз емес. Бір күні Мұса (алейһиссалам) адамдардың сөзінен шаршап: «Йа Раббым, бұл адамдар мен жайында ештеңе айтпасыншы» деп сұрайды. Сол кезде Алла Тағала былай дейді: «Йа Мұса, сен сұраған нәрсеңді мен өзіме де істемедім. Көрмейсің бе, естімейсің бе, Мен туралы не айтып жатқанын.»
Жаланың екінші бір жаман түрі – Алла елшісіне жала жабу. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) Алланың сүйіктісі еді, әлемдерге мейірім еді. Адамдарды жәннатқа шақыру және тозақтан құтқару үшін ең ауыр қиыншылықтарды тартты. Оған ақылға қонбайтын жалалар жабылды, сиқыршы дегендер болды, жынды дегендер болды, ақын деп сенбеушілік танытқандар шықты. Жұбайы Айша анамызға да жала жабылды, өзін қатты қинады, жүретін жолдарына тікендер тасталды. Имансыздар Аллаһтың сүйіктісімен соғысқа түсті.
Құранда:
«Ол, бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ, ол бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол, әлемдердің Раббысынан түсірілген»
Пайғамбарымыздың айтпаған сөзін оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау сияқты істер де жалаға жатқызылады. Бұл жөнінде Әз Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!»
Үшінші: Адамдарға жала жабу.
«Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»Өзге адамның айтпағанын «айтты» деу, істемеген ісін «істеді» деп жалған айту. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болуы қажет. Өйткені, өзгенің кемшілігін айтқан адамға арнайы сауап жоқ. Керісінше жалғаншы адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз.
Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды. Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)», – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді.
Қоғамда жала жайылмас үшін мұсылман адам мына амалдарды орындауы қажет:
Жала жабылған адам турасында жаман ой ойлаудан сақтану. Өзгенің сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлде біреу турасында жаман ой ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға жабылған жаладан кейінгі түскен аятта: «Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала» деген болсаңдар еді.
Жала ретінде айтылған сөзді таратпау. «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» делінгендей, дәлелсіз айтылған жала сөз қаңқу сөзге жатқызылады. Мұсылман адам әр сөзін сөйлемес бұрын, онда қандай пайда не зиян бар екендігін ойлап барып сөйлейді.
Бір ғалым өз сөзінде: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң «Әй менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің», – деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», – деген екен.
Алла Тағала баршамызды береке-бірлігімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды сөздерден аулақ етіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етсін! Әмин.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1(Әбу Дауд)
2(Ибн Әби Шәйба)
3(Нахл 105)
4(Ғанкабут сүресі 68 аят)
5(Хаққа сүресі 41-48 аяттар)
6(Бұхари, Ахмад риуаят еткен)
7(Хужурат сүресі 6 аят)
8(Нұр сүресі 11-16 аяттар)