Павлодар облысына қарасты қала, аудан имамдарының қатысуымен Павлодар ауылында орналасқан «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжіне жаңадан салынатын оқу корпусының тағанын тарту рәсімі жасалып, құрбандық шалынып, бата берілді.
Аталмыш құрылыс обьектісін алдағы жаңа оқу жылы басталғанға дейін салып бітіріп іске қосуды және барлық жағынан қамтамасыз етіп, толық аяқтау міндетін өңірлік кәсіпкер азамат өз қолына алған.
«Медресе – діни ағартушылық ордасы. Медреселердің басты міндеті – ағартушылық. Кешегі қазақ зиялыларының барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды. Халықтың руханиятын қаз-қалпында ұстап тұратын темірқазық медресе болатын. Бұл оқу орнының оқыту бағдарламасы ханафи-матуриди медреселер жүйесіне негізделген. Сонымен қатар қазақтың танымал дін ғалымдары мен ойшылдарының да еңбектері арнайы пән ретінде оқытылады. Қазіргі заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді. Бұлардың басты қызметі Қазақ халқының діни сауатын ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталған» дейді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы.