Бүгін – мұсылман үмбеті үшін қадірлі саналатын қос мейрамның бірі Ораза айт мерекесі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Республикалық бас мешітте айт намазына қатысып, жамағатқа насихат айтты.
Бас мүфти Ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жөнінде айта келіп: «Құдси хадистердің бірінде Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді. Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды екі дүние қуанышы мен нығметіне бөлегей.
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала сіз бен бізді келесі Рамазанға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!» деп жамағатқа ізгі тілегін арнады.
Намаздан кейін ҚМДБ Төрағасы құтпа оқып, жамағатпен бірге еліміз бен жеріміздің амандығын тіледі.