Лондон полициясының штаб-пәтері Скотланд Ярд агенттіктегі нәсілшілдік туралы хабарлардың көбеюіне байланысты халықтың полицияға деген сенімін арттыру үмітімен қала мұсылмандарын ауызашарға шақырды.
Шараға мұсылман қауымының жетекшілері мен мемлекеттік қызметкерлер шақырылды. «Біздің басты мақсатымыз - Лондонның мәдени әртүрлілігіне сәйкес келетін көбірек өкілді полиция қызметін жасау», - деді бас инспектор Джефф Бут Arab News-ке. Оның айтуынша, кадрларды іріктеудегі мақсаттардың бірі - департаменттегі әйелдер мен ұлттық азшылықтардың өкілдігін арттыру, өйткені қазіргі уақытта Лондон полициясының 82 пайызы ақ нәсілділер, ал 70 пайызы ерлер. Полиция бұл фактіні жылдан-жылға проблема ретінде қарастыра бастады, сауалнамаларға сәйкес, полицияға деген сенім тұрақты түрде төмендеп келеді.
Егер 2016 жылдың наурызында Ұлыбританияда азаматтардың 89 пайызы полицияға сенсе, 2022 жылы тек 66 пайызы ғана болған. Лондонда бұл көрсеткіш бұдан да сорақы: мұнда полицияға сенім 2016 жылғы 77 пайыздан 2022 жылы 45 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, ұлттық азшылықтар арасында бұл көрсеткіш жергілікті британдықтармен салыстырғанда орта есеппен 10 пайызға төмен.
Ұлттық мұсылман полициясы қауымдастығын басқаратын сержант Зак Халлемут оның ұйымы әр бөлімде намазхана болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанын және ұсталғандардың Рамазан айында шомылып, намаз оқып, ораза ұстауына мүмкіндік беретінін айтты. «Біреуді ұстасақ немесе қамауға алсақ та, оған жайнамаз беріп, Рамазан айында ораза ұстауға мүмкіндік береміз. Қазір бізде үлкен полиция отбасы бар. Лондон полициясында 1500 мұсылман қызмет етеді. Біз қоғамымызға пайдалы рөлге ие болғанымызға қуаныштымыз », - деді ол.
asyldin.kz