Көркем мінез – ең құнды қасиет

Көркем мінез – ең құнды қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні əдептілік пен көркем мінезге тәрбиелейді. Көркем мінез туралы халқымыздың кемеңгер тұлғасы Əбу Насыр əл Фараби "Мінез - жанның айнасы. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысы" десе, Алаш арысы Əлихан Бөкейханов: "Ұлтқа қызмет ету білімнен емес - мінезден" деген.

 Алла Тағала пенделердің бойында қандай сипаттар мен олардың мінез-құлықтары болу қажеттігін пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы жеткізіп, Құранда бекіткен. Ғұламалар көркем мінездің маңыздылығына қатысты: "Ислам үш нəрседен құралады: иман, шариғат жəне көркем мінез" деп тұжырымдаған. Ал көркем мінездің қандай болу керектігін пайғамбарымыз (с.ғ.с) көрсетті. Бұл жөнінде Құранда:

"Расында, сендерден Алланы жəне Ақырет күнін үміт еткендер мен Алланы көп еске алғандар үшін - Алланың елшісінде көркем өнегелер бар" ("Ахзап" сүресі, 21-аят).

         Адамдарға жақсылық жасау, жұмсақ мінезді болу, игі істер жасау,  сəлем беру, үлкенді сыйлау, кешірімді болу, күнəдан аулақ болу, ашуын басу, күлімдеу арқылы амандасу көркем мінезге жатады.

Адам баласы Алла Тағалаға құлшылық жасау үшін жаратылған, ал  құлшылықтың нəрі - көркем мінез.  Жаратушы Иеміз Құран Кəрімде: "Шəксіз Алла тəубе етушілерді жақсы көреді жəне үнемі ( күнə атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді" ("Бақара" сүресі, 222-аят) деген.

    Жақсы мінез жақсылыққа,  ізгілік пен кемелдікке жетелейді. Алла Тағала  адамды көркем түрде жаратқандықтан,  адам баласының іс-əрекеті, оның ішкі жан-дүниесі, ниеті де көркем болуы керек.

   Көркем мінездің жемісі жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Адамдардың жəннатқа кіруіне ең көп септігін тигізетін амал - тақуалық пен көркем мінез-құлық. (Термизи), "Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінез-құлықтан салмақты нəрсе болмайды!" (Термизи).

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с) болса шын мəнінде сол мінезді кемелдендіру үшін жіберілгендігін, оның  бүкіл ғұмыры, адамдармен қарым-қатынасы,  мінезінің көркемдігі мұсылмандар   үшін үлгі  болуы тиіс. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Менің сіздердің араларыңыздағы ең жақсы көретін  адамым жəне Қияметте маған ең жақын болатындарыңыз - мінез-құлқы жақсы болғандарыңыз" - деген(Термизи).

Көркем мінез ар, иман арқылы қалыптасатын қасиет. Муғаз ибн Жабал (р.а) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін риуаят етеді: "Алла Тағала Ислам дінін көркем мінез жəне ізгі амалдармен қоршап қойған".

Олай болса, Жаратушы Иеміз бізді көркем мінезді, кемелділік пен жақсылыққа ұмтылған құлдардан еткей. Əмин.

Рахымбек Кеңжебайұлы

«Тілеш қажы» мешітінің молдасы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: