Рамазан сенің мейманың

Рамазан сенің мейманың

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

                  Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті ағайын, қадірлі оқырман!

Баршаңызға мәлім, санаулы күндерде күллі мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айының да басталуына аз қалды.

Рамазан айы үнемі айлардың сұлтаны, және ең қайырлысы болып келген, және де солай болып қала береді. Рамазан айы қайырлы істерде қамқорлық қылынатын, мұсылмандар бір-бірін қолдайтын, қарияларды зиярат ететін, науқастардан хабар алатын, мұқтаждарға жәрдем берілетін, бір-біріміздің қате-кемшіліктеріміздің кешірілетін және сондай-ақ жетімдер жұбатылатын ай. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген:

«Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер». (Бақара сүресі, 183 аят).

 Бұл қасиетті айды әрбір мұсылман жақсы күтіп алып, бар құрметін жасап, өз деңгейінде шығарып салуы керек. Ол үшін әуелі бұл айдың берекелділігінен толықтай хабардар болуы керек. Өйткені, Рамазан айы әр жылда бір келіп келетін әзиз қонақ, мейман іспеттес. Үйіңізге қандай да бір қонақ келетін болса, оны жақсылап күтіп алып, құрметті орныңызға жайғастырып, асты-үстіне түсіп, бар қызметіңізді арнайсыз. Дәл сол секілді, киелі саналған Рамазан айын да шын ықыласымызбен қарсы алып, қолымыздан келгенше ізгі амалдар арнауымыз керек. Рамазан айы құлшылықты күшейтіп, тәубені молынан жасайтын ай. Бұл айда жасалған дұғалар міндетті түрде қабыл болады, өйткені Алла Тағала бұл айда аспан есіктерін ашады. Бұл ай біздерге нәпсілерімізді тәрбиелеуге өз жәрдемін тигізеді, яғни ораза арқылы сабырға, өзгелерге мейірім шапағат көрсетуге, Аллаға мойынсұнуға жол табамыз. Кезінде барша пайғамбарлар да нәпсі тәрбиесінде осы ғибраттардан пайдаланған. Мысалы, Жүсіп пайғамбар ғ.с. бүкіл Мысыр мүлкіне (патшалығына) ие болса да үнемі аш жүруді әдетке айналдырған екен. Ол кісіден: "Бүткіл қазыналар сіздің қолыңызда болса да не себепті аш жүресіз" деп сұраған кезде, "Тоқ болсам аш адамдардың жағдайын есімнен шығарып қоямын ба деп қорқамын" деп жауап берген екен.

Ораза ұстаған адам Алланың алдындағы (міндетінен) қарызынан құтылады. Ұстамаған адамның қарызы мен борышы көбейе береді. Ораза үлкен әдеп мектебі. Ол айда пенде көптеген қасиеттерді аңғара бастайды, яки ие болады, ораза нәпсімен күресетін нағыз құрал, нағыз сабырға үйрететін амал. Түрлі машақаттарға қарсы тұра алуды, шыдай білуді үйрететін медресе іспеттес. Оразаның денсаулыққа да пайдасы мол екендігін баршаңызға белгілі. Тіпті мұсылман болмаған еуропалықтар, америкалықтар және басқа да көптеген алпауыт елдердің өзі оразаның адам ағзасына тигізер пайдасы өте көп екендігін дәлелдеген, сондай-ақ кітаптар да жазған. Ораза арқылы науқастарын да емдеген. Мысалыға айтар болсақ, Франциялық кейбір дәрігерлердің айтуына қарағанда, жылына бір рет ұсталынған ораза әсері бір жыл бойы ағзалардағы жиналып топталған зиянды микроптарды кетіреді деген екен. Бұл мәліметті кезінде сонау өз дәуірінде насихаттап кеткен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына хадисі де қуаттайды, хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ораза ұстаңыздар, сау-саламаттылықта боласыздар", - деген.

Ораза ұстау арқылы пенде әр қандай аманатқа қиянат жасамау керектігін де ұғынады. Ораза ұстаған адам періштелер сипатымен сипатталады. Өйткені белгілі уақыттан белгілі уақытқа дейін ішіп-жеуден, жамандықтардан тиылу, үнемі тағат-ғибадатта болу арқылы періштенің амалына жетеді. Әрі шайтанның арбауына қахар көрсетеді. Өйткені, егер де адам баласы Раббысының үкімдерін орындамаса, шайтан бұл нәрселерге разылықпен қуанады. Сол үшін де шайтанның арбауынан әркез аулақ болып, Жаратқанға тақуалық танытуымыз керек.

Жалпы, бұдан басқа да көптеген қасиеті баршылық, дегенмен бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Дін Ислам адамдарды шамасы келмейтін істерге мәжбүрлемейді. Соның ішінде ораза бабы да қарастырылған. Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран аяттары мен хадис шәріптердегі келтірілген дереккөздердің ішінен төмендегі санаттағы кісілердің ораза ұстамауларына рұқсат етілгендігін бекіткен:

1. Өте кәрі кісілер

2. Бала емізуші әйелдер

3. Жолаушылар

4. Сырқаты бар адамдар

5. Ашығу немесе шөлдеу салдарынан денсаулығына зиян келушілер т.б.

 Ораза айы басталар кезде орын алып жататын жағдайлардың бірі, кей адамдар "Біз тиянақтылықты сақтау үшін бір-екі күн алдын ораза ұстауды бастап жібердік", деп мақтан етіп жатады. Негізінде мұндай істерден Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтарған. Әбу Һурәйра р.ғ. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мына бір хадисті риуаят етеді, "Рамазан айын бір-екі күн алдын бастауға әдет қылмаңдар". Неге десеңіз, адамдар парыз, сүннет және нәпіл амалдардың орнын ауыстырып алуы бек мүмкін. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Жаңа туған айды көріп ғана Рамазан айының оразасын бастаңдар және келесі жаңа айдың тууымен Рамазан айын тәмәмдаңдар",- деген.

Алла Тағала баршамызды Рамазан айының қасиеттерімен берекелендірсін. Жұртымыз тыныштықта, еліміз амандықта болсын!

Сұлтаншәріп қажы Джадраев

Т.Рысқұлов ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: