ЖАТ АҒЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ

ЖАТ АҒЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні мейірімділікке, ынтымаққа, жақсылыққа шақыратын Иләһи дін. Алла Тағала ислам діні арқылы пенделеріне тура жолын көрсетті. Ата - бабаларымыз ондаған ғасыр бұрын Ислам дінін қабылдап діннің негіздерін дәстүрімізге айналдырды. Соның арқасында халықтың арасында ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Керісінше, діндес бауыр болып ынтымақта өмір сүрді.

Кейінгі жылдарда жат ағым деп жиі-жиі айтылып келеді. Жат ағым өкілдерінің сөзінен кейде келіспеушіліктер байқалады. Тіпті салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымызға да келіспейтін тұстарын байқауға болады. Ал дінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа ешқандай қарсылық жоқ. Құран аяттарында айтылғандай Жаратушы Иеміз пенделерін ұлт пен ұлысқа бөлген, соның арқасында әр ұлттың өз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері болатыны табиғи. Ал біздің салт-дәстүріміз шариғатқа негізделіп құрылған. Енді соны терең түсіне білу үшін міндетті түрде діни білім қажет болады. Сонда ғана бәрі түсінікті болатыны сөзсіз.

Ал енді жат ағымның шығуына оралар болсақ, кейбір ағымдардың Құран мен хадисте айтылған дүниелерді тікелей мағынада түсініп жатқанын көресің. Олардың қателігі осында. Өйткені  Құран мен хадистің кейде астарлы мағыналыры болатыны белгілі. Ондай аяттарды тікелей түсінген пенде қателікке ұрынады. Міне осыдан халық арасында түрлі келіспеушіліктер, талас- тартыстар пайда болады. Негізінде дін халықты ынтымаққа, бөлінбеуге шақырады. Бұл жайлы Құран Кәрімде Алла Тағала: «Түгелдей Алланың жібіне (яғни дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», - деген. Бұл аятта Алланың бірлікке қатысты әмірін көреміз. Яғни мұсылмандар бір жолда болу керектігі айтылып жатыр. Көпшілік болған соң білім, ақыл-парасаттың деңгейіне қарай бөлініп жатады. Сондықтан Алла Тағала Құран Кәрімде: «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар», -  деп әмір еткен. Ақиқатында діни білім өте күрделі. Оны әркім өз бетінше оқып, өзінше түсінуі орынсыз. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дін үкімдерін өз тілдерінде түсірілгеніне қарамастан арабтарға өзі түсіндірген. Бұл әркім өзбетінше бірнеше аяттар мен хадистерді оқып алып үкім шығара алмайтынына айқын дәлел бола алады. "Шымшық сойса да қасапшы сойсын" деген атақты сөз бар. Сондықтан дін үкімдерін арнайы оқып, білім алған, дін маманы болған ұстаз, имамдарды тыңдау қажет. Сонда ғана қоғамда береке-бірлік болады. Әрі әртүрлі келіспеушіліктер болмайды. Атақты ғалым Абдулла ибн Мубарак мына сөзді жиі айтады екен : «Кім ғұламаларды елемесе, ол ақыретін жоғалтады».  Тарихымызда әлемдік деңгейде  үлкен ғұламалардың болғаны белгілі. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз осы ғалым кісілердің  көрсеткен жолымен жүріп келді. Осы айтылғандардан хабарсыз жат ағым өкілдері бабаларымызды білімде саяз болған деп ойлауы мүмкін. Кешегі XX- ғасырдың алғашқы жартысында  болған саяси жағдайларға байланысты нұрлы қала Мәдинаға қоныс аударған, әуелгі ғасырларда өмір сүрген ғұламалардың соңғы тұяғы болған, әрі қаламызда дәріс берген,  белгілі  ұстаз, ғалым Алтынхан төре атамызды мысал ретінде келтіруге болады. Жоғарыда аты аталған қалада ұлағатты ұстаздық қызмет жасады. Арабтар ол кісіні өте қатты құрмет тұтты. Ал біз сол бабалардың ұрпағымыз. Ендеше қалайша діни ұстанымымыз, әдет- ғұрпымыз қате болмақ? Әрине ақылға сыймайды. Міне осыдан қазіргі жат ағымдардың соңына ілесіп жүрушілерден білімсіздіктен еріп бара жатқандарын байқауға болады. Ондай дәлелсіз еліктеушіліктың соңы жақсылыққа апармайды. Әр елдің өз ұстанымы яғни мәзһабы және әдет- ғұрпы болады. Араб  елдерінде көрген ұстанымдарды дұрыс санап, басқасын қатеге  шығару үлкен қателік. Арабтардың істеп жүрген істерінің бәрі дұрыс деген түсініктің өзі қателік.

Жат ағымдардың  басты қателігі – білімнің аздығы әрі тарихымыз бен салтымыз жайлы білімнің жоқтығы . Соның нәтижесінде  шариғатты өз дәрежесінде дұрыс түсіне алмай жүр.

Әрбір елдің азаматы өз елінің жанашыры бола білуі керек. Сонда ғана жүректе кері тартпалық сезімдер кетіп, өз елінің ұстанымын терең түсінуіне жол ашылады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде : «Сендерге әрдайым жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын.

Шын мәнінде шайтан жалғыз қалған адаммен бірге. Ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа көпшіліктен ажырамасын», деген. Еліміздің ұстанымы бір жол, көпшілік осы жолда. Бізге керегі көпшілікке себепсіз қарсы шықпай, керісінше саналы түрде елмен бірге болу.

Алла елімізге амандық, халқымызға ауызбіршілік берсін!

Алмас Кенжемолдаев 

"Әл-Фирдаус" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: