Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елордада «Zeket HUB» қайырымдылық орталығы ашылды.
Игі бастаманың ашылу салтанатына Бас мүфти арнайы қатысты.
«Жыл басында дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамамда «Зекет және қайырымдылық» корпоративтік қорына «Zeket HUB» қайырымдылық орталығын ашу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін осы бастама аясында жүзеге асқан игі істің куәсі болып отырмыз.
Аталған жоба мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсету аясын кеңейтуге, сондай-ақ, қоғамдағы белең алған күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл жоба Діни басқарманың қайырымдылық бағыттағы іс-шараларына серпін береді деп сенемін. Алла Тағала игі іске үлес қосқан барша азаматқа мол сауаптан жазсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, «Zeket HUB» қайырымдылық орталығы негізгі 3 бағытты қамтиды: мұқтаж отбасыларды тұрақты түрде азық-түлікпен қамтамасыз ету. Қажетті азық-түлік ресми келіссөздер жүргізу арқылы ірі сауда желілерінен тұрақты түрде тегін алынады.
Тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан жандарға нарықтағы сұранысқа ие дәнекерлеуші, жиhаз құрастырушы, жобалау менеджері, өнім менеджері т.б. мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарын жүргізу. Оқытылған арнайы мамандықтар бойынша әрі қарай серіктес кәсіпорындардағы жұмыс орындарына бағыттау арқылы жұмыспен қамту.
Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Әлеуметтік сала» бөлімімен және «Жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесімен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік жеңілдіктер жайлы тиісті кеңес беру. Рухани күйзеліске ұшыраған жандарға арнайы мамандарды шақырып, мәселені шешудің жолдарын түсіндіру, депрессияда жүрген, психологиялық кеңеске мұқтаж отбасыларды қолдау.