Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүрегіне салауатты жеткізетін періште

Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүрегіне салауатты жеткізетін періште

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл жерде Алла Елшісіне (ﷺ) салауат айту арқылы адам қандай сауапқа кенелетіндігі төмендегі хадистерде келтірілген.

 Бірінші хадис:

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім маған бір рет сәлем айтса, оған Алла Тағала он сәлем айтады, оның он күнәсін кешіреді, оны он дәрежеге көтереді».

Екінші хадис:

Шейх Әбу әл-Хасан Әли Яхья Бұхари Әбу Хурайрадан (р.а.) келтірген. Ешбір мүмін мәртебелі Пайғамбарымызға (ﷺ) сәлем бере алмайды, алайда Алла Тағала мүміннің айтқан салауатын Алла Елшісінің (ﷺ) қасиетті жүрегіне жеткізіп  тұратын бір періштені сайлаған, ол айтады: «Уа, Алла Елшісі! Осындай адамның ұлы саған бір рет салауат айтты». 

Аса қадірлі Елшілердің Сұлтаны (ﷺ) періштеге былай бұйырады: «Менен оған он сәлем айт және де оның айтқан бір салауаты менімен Жұмаққа кіруге жеткілікті деп айт». Сосын ол сұқ саусағын ортаңғы саусағымен қосып, былай айтқан: «Ол менің шапағат етуіме лайық». Егер періште кетпей тұрып мүмін он салауат айтса, Алла оған он сәлем айтып, он күнәсін кешіріп, періштеге былай бұйырады: «Менен сол мүмінге он сәлем айт, егер ол бір салауат айтса да оның Тозақтан құтылуына жеткілікті болар еді деп айт».

Әрбір періште Қиямет күніне дейін Алла Тағаланы барлық тілдерде дәріптейтін болады, ал осы үшін болған сауап, салауатты айтқан мүміннің амалдар кітабына жазылатын болады.

Үшінші хадис:

Әнас ибн Мәлік келтірген, бір күні Тальха Ансари (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) қатты қуанышты екенін көреді. Қуанышының себебін сұрағанда, ол былай жауап берген екен: «Әй, Әбу Тальха, неге мен қуанбайын? Жаңа ғана Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, мейірімге жомарт Алладан қуанышты хабар әкелді. Маған бір салауат айтқан әр адамға  Алла он салауат жібереді, яғни, он мейірімге бөлейді, он күнәсін кешіреді әрі оны он дәрежеге көтереді».

Ал «Масабихте» мына нұсқада келтірілген: Алла Тағала былай айтқан екен: «Әй, Мұхаммед! Саған бір салауат арнаған әрбір жанға, Мен он салауат жіберемін, саған бір сәлем жолдағанға, Мен он сәлем жіберемін, сен соған разымысың?».

 Төртінші хадис:

Фикх саласындағы ғалым Әбу Мәлік Насрулла ибн ан-Наср «Тәжулмузаккир» атты еңбегінде Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Егер кімде-кім маған салауат айтса, Алла оған он салауат береді. Жақын көктің періштелері Алла Тағаланың айтқан салауатын естіп, жүз есе салауат айтады. Екінші көктегі періштелер естіп, екі жүз салауат айтады, үшінші көктің періштелері - мың, алтыншы көктің періштелері — алты мың, жетінші көктің періштелері – жеті мың салауат айтады.  Сонда Алла Тағала айтады: «Менің Сүйіктіме айтқан салауаттың берекеті үшін, Мен Өз құлыма көп сауап жаздым, барлық күнәсін кешірдім әрі оны таза-пәк еттім».

Бесінші хадис:

«Риядулмузаккир» еңбегінде Әбу Ахмад Зейд ибн Ахмад ибн Зейд Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Алла Тағала үш нәрсеге есту қабілетін берген. Солардың біріншісі - Жұмақ, менің үмбетімдегі әлдекімнің Алладан оны Жұмаққа кіргізуін сұрап тұрғанын естиді де былай айтады:

- Уа, Раббым, мені қалап тұрған құлды маған келтірші.

Екіншісі - Тозақ, әлдекімнің одан құтылғысы келгенін естіп, былай айтады:

- Уа, Раббым, мына құлыңды менен құтқара гөр!

Үшіншісі — менің қабірімнің басында тұратын періште. Менің үмбетімдегі әлдекімнің маған салауат айтқанын бірден естіп, былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі, сондай бір адам саған салауат айтты.

Егер кімде-кім маған салауат айтса, онда Алла да оған бір салауат айтады және сол адам ешбір жағдайда Тозақ отына тасталмайтындығына Ұлы да Құдіретті Алла кепіл болған».

«Пайғамбарлар тарихы» кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: