ПЕЙІЛІ КЕҢ – КЕМІМЕС, ПЕЙІЛІ ТАР – КЕҢІМЕС

ПЕЙІЛІ КЕҢ – КЕМІМЕС, ПЕЙІЛІ ТАР – КЕҢІМЕС

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!  

 

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында айналасына жайлы, ешкімге жаман ойы жоқ, жүрегі жомарт адамды «пейілі кең адам» деп атап, жоғары бағалаған. Ата-бабаларымыздан өсиет ретінде қалған: «Кең пейілді кем болмас», «Пейілі жаманға пәле жолығады», «Тар пейілге – дүние тар, кең пейілге – лашық та кең», – деген сөздерден кеңпейілді болудың адам өмірінде қаншалықты маңызды екендігін көруімізге болады.

Асыл дініміз Ислам адам баласын кеңпейіл болуға шақырып, әрбір істі шынайы ниетпен, ақ пейілмен, ықыласпен орындауға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресі, 5-аятында:

وَمَا أُمِرُوا إِلاَّ لِيَعْبُدُوا اللهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلاَةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ وَذَلِكَ دِينُ القَيِّمَةِ

«Негізінде олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған. Нағыз тура дін, міне – осы», – деп айтқан.

Абай Құнанбайұлы:

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың, – деп, шынайы ниет, ақ пейілдік жоғалса, берекенің кететіндігін айтқан.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», – деген.

Кеңпейілдік адамның ішкі рухани болмысына байланысты болғандықтан, оның белгілері адамның сыртқы формасында көрініс табады. Негізі кеңпейілді адамның сипаттары көп. Халқымыз пейіл деп – адам бойындағы жақсы қасиетті білдіретін этикалық ұғымды айтқан. Қазақ дүниетанымында айналасына жайлы, қолы ашық адамдарды алды кең, пейілі жомарт деп атап, кеңдікті адам бойындағы ізгі қасиеттер қатарына қойған.

Сондықтан халқымызда «Пиғылы жаманды Құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пейілі оң болса, ісі оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройы­нан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сол үшін халық «Жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, ал, арам пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер»деп теріс баға берген. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ. Дінімізде де «Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады» делінген. Сондықтан пейішке апарар пейіл екенін есте сақтап, жақсылық жасауға ұмтылған жөн.

Дегенмен пейілі кең адам мынадай істерге көңіл аударғаны жөн. Айтап айтқанда:

 

Бірінші: Көреалмаушылықтан ада болу

Кең пейілді адамның бойынан табылуы тиіс ең негізгі сипат – өзгенің қуанышы мен жақсылығына қуана білуі, ешуақыт, ешкімге  көреалмаушылық жасамау. Көреалмаушылық деп Алла Тағаланың өзгеге берген нығметіне, яғни ризық-несібесіне қуанбау, тек өзіне ғана келуін қалауды айтады.

Көреалмаушылық дертінің тарихы тым ертеректе жатыр. Себебі, Алла Тағала Адам атаны жаратып, бүкіл періштелерге оған сәжде етуді бұйырған уақытта барлығы сәжде еткенімен, малғұн Ібіліс көреалмаушылық қылып, тәкаппарланғандығы себепті Алла Тағаланың бұйрығын орындаудан бас тартты. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 34-аятында бұл туралы:

وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلائِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ إِلاَّ إِبْلِيسَ أَبَى وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде жасады. Бірақ Ібіліс бас тартып, тәкаппарланып, қарсы келушілерден болды»,– деп баяндаған. Осылайша Ібіліс тәкәппарлығы мен іштарлығы үшін Алланың құзырынан қуылып, мәңгілік тозақ иелерінен болды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына әрдайым түрлі рухани дерттердің зияны жайында баяндап, сол арқылы адамдардың жүрегін тазартып отырған. Көреалмаушылықтың да дүние мен ақыреттегі зияндары жөнінде бірқатар хадистерде баяндалған. Сондай хадистердің бірінде:

إِيَّاكُمْ وَالْحَسَدَ فَإِنَّ الْحَسَدَ يَأْكُلُ الْحَسَنَاتِ كَمَا تَأْكُلُ النَّارَ الْحَطَبَ

«Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от отынды жандырып жібергеніндей жоқ етеді», – деп айтылған (имам Әбу Дәуід).

Мұндай дертке шалдыққан адамның жүрегін мұң басып, қайғы мен қасіретке тап болады.

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Көреалмаушыда – тыныштық жоқ, күйгелекте – бауыр жоқ, мінезі жаманның – досы жоқ», – деп айтқан.

 

Екінші: Қанағатшыл болу

Кеңпейілді адам әрдайым қолындағы барына қанағат етіп, тойымсызыдққа салынбайды. «Қанағат» сөзі «барына разы болу» дегенді білдіреді. Қанағат – Алладан өзгеден дәметпеу, тек Алладан ғана үміт етіп, Оған ғана тәуекел ету. Қанағат етуде адам өміріне келер пайда көп. Ол адамға бақыттылықты, шынайы тұрмысты, тұрақтылықты, аманшылықты сыйлайды.

Ал қанағатсыздық, ашкөздік, тойымсыздық – адамды екі дүниеде бақытсыздыққа душар ететін сипат. Сол үшін адам баласы бұл дүниені жақсылық іс жасауға себеп деп тануы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 14-аятында:

زُيِّنَ لِلنَّاسِ حُبُّ الشَّهَوَاتِ مِنَ النِّسَاء وَالْبَنِينَ وَالْقَنَاطِيرِ الْمُقَنطَرَةِ مِنَ الذَّهَبِ وَالْفِضَّةِ وَالْخَيْلِ الْمُسَوَّمَةِ وَالأَنْعَامِ وَالْحَرْثِ ذَلِكَ مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَاللَّهُ عِندَهُ حُسْنُ الْمَآبِ

«Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын-күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні ғана. Негізінде орынның жақсысы Алланың құзырында», – деп айтылған.

Сайф Сараидің «Гүлстан би-т-түрки» кітабында мынадай сөздер бар:

«Дәулетті кім?», «Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті – дәулетті жия білген, жиғанын орынды пайдаланған, қажетті кезде басқаларға бере білген. Ал дәулетсіз – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам», – деп жауап берген екен.

Хакім Абайдың:

Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргенің бәрі онікі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда олай болады не сенікі? – деген өлеңінде де ойланған адам үшін үлкен мән бар.

 

Үшінші: Өзгенің қателігін кешіре білу

Өмірде кемшіліксіз адам болмайтындығын ескеретін болсақ, отбасы мүшелерінің, туыстардың,  дос-жарандардың, қызметтес адамдардың қарым-қатынасында осы кешірімділік сипаты аса қажет. Себебі, адамдардың теріс мінез-құлықтарына сабыр ету, кешіріммен қарау адами байланысты үзіп алмау үшін аса маңызды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресі, 43-аятында Алла Тағала:

وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан. 

Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деуі арқылы, ренішті ұзаққа созбай, тезірек кешірудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.

«Кешіру» екі ғана сөзден тұратын, атқаруға оңай іс болып көрінгенімен, кешіру керекті болған жағдайға тап болғанда, адам нәпсісіне өте ауыр келеді. Себебі, мұндай жағдайға тап болғанымызда нәпсіміз бізді терең ойланбауға тырысып бағады, жүрегімізде ренжіген адамымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде Алланың разылығын ойлап, Оның кешірімін үміт ете отырып, өзгенің қателігін кешіре білу – ұлы іс.

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің ахлағының (мінезінің) ең абзалы – кешірімділік», – деп айтқан.

Өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда, кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алла Тағаланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дін дұшпандарының жасаған зұлымдықтарының өзіне кешіріммен қарай білген.  «Алланың арыстаны» деген лақапқа ие болған, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хамзаны өлтірген Уахшидың  өзін кешіріп, оны Исламды қабылдауға шақырып, бірнеше мәрте хат жазған еді. Бірақ, Пайғамбардың жақынын өлтірген Уахши үмітсіздікке түсіп, мұндай күнәмді Алла Тағала кешірмес деген оймен, мұсылмандықты қабылдауға тәуекел ете  алмай жүреді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі 53-аятындағы:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«Былай де: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла Тағала күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді» – деген Алла Тағаланың кәләмын жазып жібереді. Осылайша Уахши тәубе етіп, мұсылман болады.

 

Төртінші: Жаны жомарт болу

Жомарттық деп адам баласының мал-дүниені ізгілік жолында ауырсынбай, кеңпейілмен сарп етуіне айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 3-аятында:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ

«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп айтқан. 

Қазақ халқында жомарт адамдарды «Қолы ашық жан», «Атымтай жомарт», «Дархан көңілді адам» деп құрметтеп, түрлі атаулармен атаған. Ата-бабаларымыз: «Кең болсаң – кем болмайсың», – деп ұрпағына әрдайым кеңпейілді болуға, қолында барымен өзгелермен бөлісіп, жәрдемдесуді өсиет еткен. Айталық, ұлының атын «Жомарт» деп қоюуы да ата-бабаларымыздың жомарттықты қаншалықты қастерлей білгендігінің көрінісі.

Жүсіп Баласағұни бабамыз:

Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі,

Бақыт берген жанға бақыт тиесі, – деген.

Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі:

  1. 1.                     Сахауат. Мал-мүліктің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді.
  2. 2.                     Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) Ислам жолында жасаған жомарттығы осыған жатқызылады. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) оның жомарттығын былайша баяндайды:

«Исламның кең таралуы үшін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба!» – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Уа, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) «Оларға Алла мен Оның Елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым», – деді. Мұны естіп: «Бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан оза алмаспын», – деп түйдім.

  1. 3.                     Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгеге беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен бірдей. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мұһажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп бергендігін келтіруге болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 9-аятында:

وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Сондай-ақ олар өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар», – деп айтқан.

 

Бесінші: Кішіпейіл болу

Пейілі кең адам ешуақыт өзін жоғары санап, өркөкіректенбейді, биязы, кішіпейіл болады. Халқымыз «Кісі пейілді болам десең, кішіпейіл бол», – деуі осыдан болса керек. Кішіпейілдік дегеніміз – өзгелерді менсінбеу немесе адамдарға жоғарыдан қарау сынды істерден сақ болып, атақ сүйгіштікті, басқалардың өзін көтермелеп, құрметтеуін ұнатпай, керісінше оларды сыйлауда ыждағаттылық таныту, қарапайым болу. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фұрқан» сүресі, 63-аятында:

وَعِبَادُ الرَّحْمَنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الأَرْضِ هَوْنًا

«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – деп айтқан. Аяттағы «һәунун» сөзіне ғалымдарымыз: жұмсақтық, кішіпейілділік, тыныштық деген мағыналар берген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ اللَّهَ أَوْحَى إلَيَّ أَنْ تَوَاضَعُوا حَتَّى لا يَفْخَرَ أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ ، وَلا يَبْغِي أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ

«Расында Алла Тағала: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті, ешбіреуің екінші біреуге мақтанбасын әрі ешкім ешкімге жәбір көрсетпесін», – деп маған уахи етті», – деген (имам Мүслим).

Ата-бабаларымыз да: «Ұлық болсаң – кішік бол» немесе «Кішіпейіл болғанмен, кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен, ұлылыққа жетпейсің», – деп, кішіпейілдіктің маңыздылығы турасында айтқан.

Махмұд Қашқари бабамыз «Кісілік пен кішілік – ұлылықтың белгісі», – деген екен.

 

Қадірменді жамағат!

Соңғы кездері қоғам арасында заман қатыгезденіп бара ма, жоқ әлде адамдардың пе­йі­лі тарылып, пиғылы бұзылды ма? деген сауалдар жиі естіле бастады. Әрине, оған заман кінәлі емес. Заман – сол заман.

Біз, Аллаға шүкір «Қазақ» деген дар­қан халықтың тәлім-тәрбиесін, ізгілік, инабат мектебін, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізетін көрген халықпыз. Осы дәстүріміз бен тәлімімізден арылмай, келер ұрпаққа жол көрсетуіміз керек.

Әрине, бәрі емес, кейбір теріс пиғылды адам­­дардың қоғам үшін келтірер залалы айтпаса да түсінікті. Дегенмен әр адам өз ісіне жауапты, әрбір ісі үшін сұралады.

Бабаларымыз дұға жасағанда «пейілімді алма» деп сұрайды екен. Сонымен қатар халқымызда «Кең пейіл, кетпес дәулет бер» деген де баталы сөз бар. Мағынасы өте терең. Пендеде кең пейіл, әділ жүрек болмаса, мол дәулеттің өзі орнына жұмсалмайды. Өйткені адамнан пейіл кетсе, мейірім кетеді, береке жойылады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى

«Шын мәнінде әрбір іс тек қана ниетке байланысты және әркімге ниет еткені тиесілі», – деп әрбір істің адамның ниет, пейіліне байланысты болатындығын айтқан (имам Бұхари, Мүслим).

Халқымызда: «Әркім қылығынан табар, пейілінен жазар», – деген өнегелі сөз бар.

Алла Тағала біздерге кеңпейілді мінез, әр ісімізге ықылас нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: