Стресс өз құрбанын ақылына, бойына немесе әмиянына қарап таңдамайды. Ол — адам талғамайтын құбылыс. Оның «құшағының» жайылуы біздің зымырап өтіп жатқан өміріміздегі қарым-қатынас қарқындылығы мен күнделікті ақпараттың молаюы салдарынан. Бұл жағдайларға біз тітіркене, күйгелектене қараймыз, яғни стресс күйге түсеміз.
Біздің ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) басына түскен қасіреттерге қалай төтеп берген?
Оның сүйікті адамдары — жұбайы Хадиша анамыз бен ағасы Әбу Тәліптің өмірден қайтқан жылдары қасірет жылына айналған. Осы адамдардың қазасы Пайғамбарымыздың (ﷺ) жанына қатты батқан. Көп ұзамай ол Тайф қаласына баруы керек болған. Ал сол жерге барғанда Пайғамбарымыздың (ﷺ) үндеуін қабылдамақ тұрмақ, Тайф қаласының тұрғындары теріс пиғыл көрсетіп, оған қастандықпен қараған. Жуырда ғана жақындарынан айырылған ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ) бұл қатты да ауыр соққы болып тиеді. Қараңыздаршы, осы кезде сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағалаға қалай сыйынған: «…Уа, Алла, егер Сен маған ашулы болмасаң, маған еш нәрседен қорқудың қажеті жоқ, бірақ Сен мені осы күйден құтқарсаң, маған көп жеңіл болар еді…» (Әл-Мубаракфурий С.Ар-Рахик әл махтум. 125 б.)
Бұл сынақтардың Алла Тағаладан екенін түсініп, бойұсынып, торығуға бой алдырмай, Алла Елшісі (ﷺ) күш жыяды.
Торығу дегеніміз не?
Торығу — мүлдем түңілу дегенді білдіреді. Бұл – мағынасыз қасірет шегу. Адамның мән-мағынасыз түрде қасірет шегуі торығуға ұласады. Бұл жанды күйретіп кететін жағдай.
Бұдан түсінетініміз «кадар» - тағдыр түсінігі мүмін адамның сабырлылығын арттырады.
Тағдырды білетін адам — болып жатқан дүниенің бәрі өмірлік сынақ, Алла Тағаланың жазмышы екенін түсінеді. Ал адам өз қасіретінің мәнін түсінгенде ғана оны жеңген болып саналады.
Бейімделу деген не?
Бейімделу — бұл әлем картинасының кеңеюі, ал оны кеңейтетін біздің жетістіктеріміз бен тәжірибеміз. Екеуінің де пайдасы бар. Жетістік сыйлық тәрізді жағымды болғанымен тұрақты емес. Тәжірибе өмірлік ресурс ретінде оңайға түспейді, бірақ оның көмегі ұзаққа жетеді.
Егер адам бір жасаған қателігін қайтадан жасайтын болса, онда ол болып жатқан дүниеден сабақ алмағаны. Бұл жағдайлар қайталана беретін болады да түптің-түбінде адам өзіне жақсы сабақ алады.
Әр адамның өз әлем картинасы бар. Әлдекімнің мінез-құлқына ренжімес бұрын осыны естен шығармау керек. Өйткені «лақтырған тастың бәрі маған тие бермейді ғой», басқа адамдар мәселе менде емес деп жүре береді! Неге мен мұны өзіме алуым керек? Ал бұл маңызы бар өзге сұрақ.
Әр адамның үш ішкі жеке бас рөлдері бар:
- «бала» (бәрін тек өзіне және молынан қалайды);
- «ата-ана» (сынайды, жақтырмайды, дегенмен қамын жеп әрі қамқор болады);
- «ересек» (болып жатқан жағдайларға әділ баға береді).
Өкінішке орай, бізде «ересектің» рөлі өте аз болады. Көбіне «мен, маған, мен үшін» деген «баланың» рөлі іске қосылып кетеді. Ал «ата-ана» рөлінен де көбіне пайда бола бермейді, керісінше, кінәні өршітіп немесе сыртқы агрессияны қоздырып жібереді. Бір сөзбен айтқанда, біздің реакция ырықсыз әрі жетілмеген болып келеді. Осылайша, стресске негіз пайда болады.
Стресс кезеңдері:
1) Үрей.
Бұл стресстің бастапқы түрі. Ол қарқыны жағынан әртүрлі болады әрі қалыпты жағдай болып саналады. Бастысы – созылмалы түрге айналып кетуіне жол бермеу.
2) Стресс.
Үрейді баспаса, ол стресске айналып шыға келеді. Ол уақытша (мысалы, кенеттен жұмыстан шығарылу, әмиянды жоғалту және т.б.) немесе ұзаққа созылған (мұны үнемі жәбірленіп, жеке басы бағаланбай жүретін бала басынан өткізеді. Кейін бұл оның өмірге бейімделуін қиындатады) болуы мүмкін.
3) Жабығу.
Бұл тек жүйкелік жағдайда ғана емес, сондай-ақ, физиологиялық жағдайларда да көрінетін құбылыс. Бұл ағзаның тозуына әкеліп соғуы мүмкін (мұның салдарынан жара, демікпе, жүрек жеткіліксіздігі, семіздік сияқты аурулар пайда болады).
asyldin.kz