Қазақ халқы “Бір Алладан басқа тәңір жоқ” екенін мойындап қана қоймай, пайғамбардың (с.ғ.с) үмметіне лайық кемел мұсылман болуға ұмтылды. Асыл дініміз адамзатқа өмір сүрудің, жақсылық жасаудың, адамды қадірлеудің маңыздылығын ұқтырғаны шындық. Әр адамға барлық жақсылықты, барлық рахаттықты жіберетін және барлық дертті, қиыншылықты жіберетін де - Алла тағала. Нығмет келгенде шүкір ету, дерт келгенде истиғфар айтып, сабыр етудің өзектілігін білген абзал.
Мәселен, жүрек ауырса, онда адамның жаны ауыр дертке шалдығады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамның бойында бір уыс ет бар, егер ол ауырса бүтін дене ауырады…», – деп айтқан хадисінде бұл бір уыс еттің жүрек екенін айтады. Мұнда пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрегі рухани дертке шалдыққан адамды ауру деп айтуы – адамның барлық амалы, іс-әрекеті оның жүрегіне байланысты. Негізінде жүректің орындауы тиіс амалы: білім алу, адамдарға жақсылық жасау, өзгелерді ізгілікке шақыру және Аллаға құлшылық қылу. Өйткені, Алла тағала Құранда: «Мен жын мен адамдарды Өзіме құлшылық жасаулары үшін ғана жараттым», – деп айтқан (“Зарият” сүресі, 56-аят).
Адам баласы пенде болған соң кінә жасайды, артық сөз айтып, кісінің ақысына кіреді, қателіктерге жол береді. Мұндай кезде пенде Жаратушы Иемізден кешірім сұраудың дұғасы - истиғфар айтуы.
Истиғфар айту дегеніміз - “Алла мені кешір” деген сөз. Қасиетті Құранда: “Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, сосын Оған тәубе етіңдер. Ол аспаннан нөсерлетіп жаңбыр жаудырып, қуаттарыңа қуат қосады. Еш уақытта қылмыс жасаудың жолына түспеңдер” деген (“Һүд” сүресі, 22-аят). Сондықтан Алла тағаладан кешіріп тілеп, истиғфар айту-қиындықтан шығарып, ризық-несібені арттырады. Сол үшін истиғфарды көп айтуды әдетке айналдыру керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күніне кемінде 70 рет истиғфар айтып, Алладан кешірім сұрайтын болған.
Истиғфар айту - түрлі қауіп-қатердің алдын алады және Алланың азабынан қайтарады. Истиғфардың ең көп кездесетіні - “Астағфируллаһ әл-азим уә әтубу иләйһ”. Қазақшалағанда “Ұлы Алла мені кешіре ғөр және мен Өзіңе тәубе етемін” деген сөз. Сондықтан күні сайын “Астағфируллаһ” немесе Астағфируллаһ әл-азим уә әтубу иләйһ” деген дұғаларды жиі айтыңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “сәйидул истиғфар” (истиғфарлардың ең төресі) деп атаған дұғасы бар. Ол мынадай: “Уа Алла Тағалам! Сен-менің Раббымсың. Сенен басқа Тәңір жоқ. Мені Сен жараттың. Мен - Сенің құлыңмын, күш-қуатымның жеткенінше Сенің уәдеңді берік ұстауға тырысамын. Жасаған жамандықтарымның сорынан Саған сиынамын. Бойымдағы бар нығметтеріңді мойындаймын, Күнәмды да мойындаймын. Мені кешіре ғөр. Себебі, Сенен басқа ешкім күнәларды кешіре алмайды. (Бұхари, Дауат, 2).
Тағы бiр хадис шәрифте: «Тәубе және истиғфар еткеннiң барлық күнәсі кешiрiледi»- делiнген. Тәубе көңiлмен, истиғфар тiлмен болады.
Жалпы көп зікір ету, уақытында ғибадат ету, күнәлардан тыйылу, ізгі істерді көбейту, ата-ананың қызметін жасап, дұғаларын алу, отбасындағы аға-іні, апа-сіңлі, ерлі-зайыптылар өзара жақсы қарым-қатынаста өмір сүру, қоғамдағы мұқтаж жандарға, жетімдерге көмектесу, қияметті көп еске алу, өлімді ұмытпау.
Бір минутта «Астағфируллаһ» сөзін 100 шақты рет айтуға болады. Осы сәтте сіз Алланың кешіріміне, мейірімділігіне бөленесіз, жақсылыққа кенеліп, жамандық атаулыдан алшақ тұрасыз. Және ең үлкен сый ол – жәннат. Сондықтан истиғфарды жиі айтуды әдетке айналдырсаңыз соның жемісін көресіз.
Бауыржан ТУГАНАСОВ,
“Абдікерімұлы Айдар” мешітінің имамы
asildin.kz