Бір күні Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) дәріс оқытып отырғанда, байқаусызда аяғын шаян шағып алады. Дәріс біткеннен кейін барып, шәкірттері ғалымның аяғын әлдененің шағып алғанын көріп, әбігерленеді. Ұстаздан неге ертерек білдірмегенін сұрайды. Сонда дана ұстаз:
– Өзім сендерге сабыр туралы айтып отыр едім. Дәл сол кезде мені шаян шақпасы бар ма? Бұған шыдамсыздық танытсам, сендерге қандай үлгі-өнеге көрсетпекпін, «бағанадан бері айтқанымның бәрі далаға кетпей ме?» деген ой келді. Сол үшін аяғым ауырса да, ешкімге білдірмеуді жөн санадым, – деген екен.
«Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер жеңіске» деген нақыл сөздер бекер айтылмаған ғой. Сабыр мен намаз Алладан қорқатын мұсылмандарға ғана жеңіл. Қасиетті Құранда сабыр сөзі 102 жерде кездеседі.