ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Нұр-Мүбарак университетінің үшінші және төртінші курс студенттерімен кездесіп, ихсан ілімі жайында дәріс оқыды.
Наиб мүфти сөзін әдептілік жайында бастап, қазақи болмысымыздан және дәстүрімізден тартынбауымыз керектігін, өйткені біздің киім киісіміз, әдеп нормалары мен салт-дәстүріміздің түбінде шариғат тұрғанын ерекше атап өтті.
«Қазақ халқында иман дегеніміз – адамгершілік болып қалыптасқан. Яғни Құдайдан қорқатын кісінің өзге адамдармен жақсы мәміледе болуы. Ал Ислам дегеніміз – шариғат. Ихсан болса иман мен исламның қорытындысы» деді наиб мүфти.
Сондай-ақ ол университет шәкірттерін кішіпейілдік, әдеп, көркем мінезділік және адамгершілік сынды ізгі мінездерге үндеп, Орта Азия Түркістан мектебінің ұстанымы осы қасиеттерден басталатындығын білдірді. Қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін жіктеп берді.
Наиб мүфти дәрістен бөлек Құранның Абдуррахмани нұсқасын, «Мухтасарул-Уиқоя» және «Солатул-Масғуди» сынды кітаптарды студеттерге таныстырды.
«Қазақ неге мұхтасарды оқыған? Себебі «Мұхтасар – сөзі қысқа, мағынасы терең кітап» дегенді білдірсе, ата-бабаларымыздың аз сөзді терең ойлы болғанын осыдан-ақ білуге болады. Бір кісі Лұқман хәкімнен «Сөйлеуді кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда ол: «Соқыр кісіден үйрендім» деген екен. Сондықтан сөз сөйлерде зағип кісінің аяғын аңдап басқанындай, саралай сөйлеу керек деді.
Кездесу соңында Кенжеәлі Қоңыратбайұлы еліміздің амандығы мен дініміздің асқатығы үшін дұға етіп, шәкірттерге пайдалы білім тіледі.