Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымы дін басшылары Кеңес аясындағы үшінші кездесуі үшін Әзербайжан астанасы Баку қаласына келді.
Бакуде Түркі тілдес елдердің мүфтилері Кеңестің Ережесін бекітіп, арнайы конференцияға қатысады деп күтілуде. Айтулы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді.
Ең алдымен ТМҰ мүше мемлекеттердің мүфтилері Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысының бейітіне гүл шоғын қою рәсімін өткізді. Мүфтилер осы елдің жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен оның зайыбы Зарифа Әлиеваның бейітіне зиярат етіп, дұға бағыштады.
Бұдан кейін Әзербайжанның азаттығы мен территория тұтастығы үшін қаза тапқан жауынгерлер жерленген Шаһиттер аллеясына барып дұға етті. Зияратқа ҚМДБ Төрағасымен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Түркия Дін Істері басқармасының басшысы Әли Ербаш, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы Нуриддин Холиқназаров, Түрікменстанның Бас мүфтиі Ялкап Ходжагулыев қатысты.
Айта кетейік, 1918 жылы салынған Шаһиттер аллеясына Әзербайжанға келген құрметті қонақтар зиярат етеді.