«Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жыл Қызылорда қаласынан жарық көрген «Әдебиет танытқыш» еңбегінде осылай дейді. Асыл сөздің негізгі белгілері қандай? Ол несімен асыл? Асыл сөз ғана әдебиет болса, ондай әдебиеттің мақсаты қандай? Асыл сөз терминіне Ұлт ұстазы қандай мән жүктеп отыр? Сөз өнерінің өнімдері (көркем әдебиет, театр, кино т.б.) алып индустрияға айналған қазіргі заманда осы сауалдарға жауап іздеу аса маңызды.
Соңғы екі ғасырда «әдебиет дегеніміз не?» деген сауалға байланысты жасалған тұжырымдар жеткілікті. Көбінің жауабы «әдебиет – ойдан шығарылған сөз», «әдебиет жүйелі реттілік сөз» тағы сол тәрізді әдебиеттің шартты белгілеріне қарай айтылған анықтамалар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнерінің бір парасы саналатын әдебиет сөзінің ауқымын өте кең шеңберде ашып берді. Ол адамның жан азығына айналмаған сөзді әдебиетке жатқызбады. «Әдебиет танытқыш» сынды кешенді теориялық еңбек жайлы айтуға неліктен тыйым салынғанын осыдан-ақ ұғуға болады.
Әдебиетті асыл сөз деп түпкі араб тіліндегі мәніне байлаған Ахмет Байтұрсынұлының асыл еңбегі ол кездегі жүйеге тиімсіз болды. Біз білетін көп қолданыстағы әдебиет (litteratura – жазылған, littera – әріп сөзінен келіп шығады) түсінігінің «ақындық өнер», «поэзия» түсініктерінің орнын алмастырып келгені белгілі. Байтұрсынұлының бұл жерде асыл сөздің баламасы ретінде айтқан «арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз» деуі де тегін емес. Себебі бұл терминдердің таза мағыналық өлшемін таразылағанда, асыл сөзге жақын болып шығатыны латын нұсқасынан гөрі араб тіліндегі нұсқасы екені тайға таңба басқандай айқын. Түбірі أدب әдеп, көркем мінезді иемдену, әдептілік, әдепті сөйлеу, сұлу сөйлеу т.б. мағыналарды білдіреді. Осы мағыналардың барып тірелер шыңы асыл сөзден мүлде алыс емес. Мағыналық жағынан литерадан гөрі әдебиеттің, яғни асыл сөздің шеңбері кең болып тұр. Демек адамға, оқырманға қажеттісі сөздің асылы ғана. Қазіргі әдебиеттегі былапыт сөздің өзін өнер деп ұғынып жүргендер сөз өнерінің түпкі мақсатынан бейхабар екені осыдан мәлім болады. Байтұрсынұлы түсінігіндегі асыл сөз бен өнерді өз ыңғайына қарай әдепсіздікке пайдаланып жүргендер – мүлдем кереғар ұғымдар. Мәселен, Еуропаның көп бөлігі әдебиетті дискурс деп ұғынады да, ойына келгенін басып шығарады. Ал дискурс деген жай сөйлесу, пікір алмасу ғой. Онда көркем мінездің шарттары жоқ. Байтұрсынұлы «асыл сөздің асыл болатын ұстанымдары, қастерлі белгілері болады» десе, әлгілер «әдебиетте олай болуы шарт емес, барлығы да пікір алысу болады» дейді. Яғни былапыт сөзбен екі адам ұрысып қалса, ол да пікір алысу; пікір алысу болғаннан кейін ол да әдебиет. Яғни әдебиет сөздерінің ешқандай түрі, өз сүйкімі, шекарасы болмайды. Бұл енді қисындық синтездің (техногендік һәм пәлсафалық ойдың синтезінен) «жемісі». Мұндай әдебиеттің ғұмыры келте екені бесенеден белгілі. Асылында әдебиет аясындағы кез келген құндылықтардың, бас түйістірер жері, яғни негізі – сөз. Жай сөз емес, көркем сөз. Демек әдебиет – мәні терең дүние. Асыл сөз деп айдар тағылғаны да содан.
Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге», – деп өнер жүйесіндегі бастапқы үш негіз құрамды осылай нақтылып алған соң, былайша ой қорытады: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау».
Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының әрбір анықтамасы тұңғиық танымға негіз болатынын атап өткен жөн. Мұның өзі ғалымның барынша синтездеп кез-келген пікірдің ғылыми негізін ғана беруді мақсат еткенін көрсетеді. Осылайша сөздің асылы жай нәрсе емес, өмір мен өнердің мәніне бойлайтын ерекшелігі бар екенін алға тартып отыр. Одан бөлек «асыл сөздің белгісі көбіне мәңгілік мәселелерді қозғауымен ерекшеленеді» дегенді кітаптың бірнеше жерінен кездестіреміз. «Әдебиеттің құндылығы да – сол» дегенді алға тартады. Асыл сөздің бір түрі роман болса, (Ақаң оны «ұлы әңгіме» деп атайды) оның да өзіндік шарттары бар. «Әдебиет танытқышта» ол төмендегіше тұжырымдалған: «Ұлы әңгіменің мақсаты көптің өмір сарынын суреттеп көрсету болғандықтан, бұл туралы шығармаларда адамның да, уақиғаның да ұлысына, ұсағына бірдей назар салынады. ...Ұлы әңгіме тұрмыс тілі, өмір жүзіндегі ұлы-кіші ғамалдар, ұлы-кіші уақиғалар қалай бір-біріне оралып, шиеленісіп, байланысып, ұйысып, ұшы қайдан басталып, қайдан барып тоқтайтынын мысалмен көрсеткен секілдендіріп алдыңа әкеліп, түрлі жолмен, бағытпен байланыстырады, шиеленістіреді. Шиеленістіре барып, немен тынатындығын көзге көрсетеді» деп, ұлы әңгіменің құлашы кең, бірақ соның есесіне күрмеуі де күрделі жанр екенін ескертеді. Сөйтіп бірден сөз өнері жүйесіндегі романның салмағын айқындап, оған бөлекше талап қояды. Ұлы әңгімені асыл сөздің ең бір сүбелі, мағыналық тұрғыдан терең түрі екенін дәлелдеп береді.
«Ұлы әңгіме шығарушылар (романшылар) роман жазғанда, тақырыпты не өз заманындағы тұрмыс сарынынан алады, не өткен замандағы тұрмыс сарынынан алып жазады немесе алдағы заманның сарынынан болжап жазады. Роман алған замандағы тұрмыс сарынын көрсеткенде, сондағы адамдардың – үлкені, кішісі бар, жақсысы, жаманы бар, байы, кедейі, төресі, қарасы бар, жасы, кәрісі бар – не істейді, не іздейді, не тілейді, неге сүйеніп, неге күйінеді, неден именеді, неден күйзеледі, нені жақтырады, неден жиренеді, неге құмар, неге сұлық, қысқасы, иә бүтін бір жұрттың, яки жұрттың бүтін бір табының сыр-сипатын сөзбен суреттеп, алдыңнан өткізеді».
Қазіргі әдебиеттанудың өзінде романның ішкі тереңдігін осылай ашып берген еңбектер жоқтың қасы. Оның үстіне, «Әдебиет танытқыштағы» терминдер түгелдей қазақ тілінде. Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлы романға неге «ұлы» деген атау берді деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, егер ғалым эпикалық түрге тек қана оның көлемі мен семантикалы астарының әрқилылығынан келген болса, онда мәселе басқалай болар еді. Немесе жоғарыда айтқанымыздай, хронотоптық қағиданы ұстанса, онда бұл ұлы әңгіме емес, неге өте ұзақ әңгіме деген атау алмады. Біз бұл жердегі қарабайыр болжамды ғылыми негізі бар деуден аулақпыз. Мәселенің ауданы уақытқа қатысты болған соң, сол ұстанымды соңына дейін қарастыру тұрғысынан ғана айтылған ой бұл. Себебі эпикалық түрлерге атау бергенде біз Байтұрсынұлының «...олардың бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәрінде де бір» деген сөзін алға тартып, арнайы романға қатысты неге «ұлы» деген атауды қолайлы көргенін айту. Ол туралы жауаптың шетін де сол «Әдебиет танытқыштан» табамыз: «Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-уақты істері болғандықтан, ол істер бір-біріне ұласып, бір-біріне оралып, байланысып, шиеленісіп жатқандықтан, осылардың бәрін суреттеп шығару оңай емес. Мұны келістіріп, дұрыс пікірлеп, дұрыс суреттеп, уақиғаларды жақсы қиыстырып, сыйыстырып шығару көп жазушылардың қолынан келе бермейді. Ұлы әңгіме жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек».
Иә, бұл мақалада «қаламынан тамған бал, халқына ем болудан айнымаған» Ахмет Байтұрсынұлының еңбегінің бір қырын ғана сөз еттік. «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ һәм әлемдік сөз өнеріндегі бесаспап теориялық еңбек ретінде де, жеке құндылық деңгейіндегі мұра ретінде де әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. Себебі мұнда ондаған салалық тақырыптар терең синтезбен берілген. Ол синтездердің негізі әрбір саланың маманын талап етеді. Сондықтан еңбектегі барлық тарауларға кәсіби маман ретінде бару мүмкіндігі болмағаны өз-өздігінен түсінікті жайт. Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабы – асыл сөздің қасиеттерін дөп басқан ұлы еңбек.
Ұлан ЕРКІНБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
«Мұнара» газеті, №3, 2022 жыл