«QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін насихаттау мақсатында орталық мамандары «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатына кезекті блиц-сауалнама өткізді.
ҚМДБ «Уақып» қорының маманы Айбибі Бектасқызы мен «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының маманы Ақмарал Жеңісбекқызы мешіт жамағатына «Зират басына зәулім сарай салу ысырапқа жата ма?», «Зират басында бірдей стандарт бойынша салынған мазарларға қалай қарайсыз?» деген сұрақтар қойды. Респонденттер бірауыздан зират басындағы зәулім сарайлардың артық амал екенін және оған қарсы екенін баяндады. Атап айтқанда, «Зират басындағы бірдей стандарт тәртіпке әкеледі», «Барлық адам бірдей ғой, бұл ең дұрыс шешім», «Ата-бабаларымыз секілді қарапайым болған дұрыс» деген жауаптар алынды.
Айта кетейік, «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының басты мақсаты – зират және зиярат мәдениетінде, жаназа және жерлеу рәсімдерінде бірізділікті қалыптастыру. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз» («Бақара» сүресі, 156-аят) деген. Адам баласы Алла алдында өзге адам баласынан дәулетімен ерекшеленбейді. Алла пендесінің жүрегіне, ниетіне қарайды. Сондай-ақ зират басындағы зәулім сарайлар, өмірден өткен ата-бабаларымыздың рухына ешқандай да сауап, пайда әкелмейді. Алайда ізгі ұрпақтың дұғасы, бағыштаған Құраны сөзсіз Алланың қалауымен жетеді.