Сайттардың бірінен оқыған мына бір ғибраты мол оқиға менің жүрегімнің пернелерін бір тербетіп, Алла Тағаланың Ұлықтығын есіме түсірген болатын. Алланың қалауымен, осы оқиғаны орыс тілінен аударып, сіздердің де оқығандарыңызды қаладым.
...23 жасымда ата-анам үлкен той жасап мені үйлендірді. Аллаға шүкір, жұбайымның жүрегіне иман ұялаған жан болып шықты. Өзім де асыл дініміз исламды қадірлейтін отбасында тәрбиеленген едім. Алланың қалауымен, бір қыз, екі ұл сүйдік. Жұбайыма да, балаларыма да көңілім толып, марқайып жүретінмін, әрине, ұрыс-керіс те орын алып тұратын.
«Ұрыссыз отбасы болушы ма еді?» - деп өзімді жұбатып қоятынмын. Жұмыс бабымен біздің ауылдан бір сағаттық жерде орналасқан бір қалаға жиі барушы едім. «Қызу қанды» еркек болғандықтан ба, әлгі қаладағы жартылай жалаңаштанып, қысқа көйлек киіп жүретін қыздар менің ойымнан шықпайтын болып алды. Шым-шытырақ ойлармен күресіп-ақ бақтым, алайда өзімнің әлсіздігімді түсіндім. Отбасын құрғанымызға жеті жыл болғанда екінші әйел алу жөнінде ойлана бастадым. Бұл ойымды қалжыңдаған болып ептеп жұбайыма білдіріп те жүрдім, алайда: «Онда мен бірден кетіп қаламын», - деген жауапты еститінмін жұбайыман. Нәзік жандыларға бұл тақырыптың ұнамайтыны мәлім ғой, бірақ уақыт өте келе мен осы ойымды жүзеге асырдым. Таңдауым бес жасар ұлы бар ажырасқан келіншекке түсті. Бәрін жасырын түрде іске асырдым, тек біраз ғана достарым білетін. «Жұмысқа кеттім» деген сылтаумен қалаға барып, ол жақта ұзақ уақытқа қалып жүрдім. Сезік тудырмас үшін, екінші әйелімнің үйінде сирек қонатынмын, тіпті болмай бара жатқанда менің достарым мықты «алибиді» қамтамасыз ететін. «Жел тұрса шөптің басы қимылдамай тұрмайды» дегендей, бір жылдан соң көзімнің қарашығыдай сақтап жүрген құпиям жария болды. Үйге қайтып келе жатқан болатынмын, бір досым қоңырау шалып: «Жұбайың бәрін біледі», - деп ескертті. Мен не істерімді білмедім. Бірден көз алдыма бетін тырнап, шашын жұлып, ыдыстарды сындырып, шабаданын жинап жатқан жұбайым елестеп кетті. Тіпті ол ажырасуды талап етсе де мен оған келісім бермеймін деп шештім. Үш баламыз бар, сегіз жыл бір шаңырақтың астында өмір сүріп келеміз, мен оны қатты жақсы көремін, оның маған істеген жақсылығы ұшан-теңіз. Осындай ойлармен есікті ашып қалған менің таңғалысымда шек болмады. Бәрі бәз қалпында: жұбайым күлімсіреп қарсы алды, балаларым жүгіріп келіп, мойныма асылып жатыр, ас үйден дәмді тағамның хош иісі шығып тұр. "Аллаға шүкір, жұбайым ештеме білмейді екен ғой", - деп ойладым мен. Ертеңінде таң атысымен әдеттегі әдетіме басып «жұмыс бабымен» қалаға жол тарттым. Пенжегімнің қалтасынан бір хат тауып алдым. Онда былай жазылған еді: «Мен бәрін білемін, алайда менің мақсатым сен емес, Алла Тағала, Оның разылығы. Отбасымды күйретіп кетіп қалады деп әсте ойлама. Бұл өмірде сен жеңіске кенеліп, рахаттанып жүрсең де, алайда келесі өмірде, Алланың қалауымен, СЕН МАҒАН ҚЫЗЫҒАТЫН БОЛАСЫҢ! Мен үшін сен Жұмақтың кілтісің. Ал ана әйел үшін сен тек құштарлығын қанағаттандыратын нысан ғанасың. Тіпті сенің төрт әйелің болатын болса да олар үшін тек сен ғана жауап бересің. Қамшының сабындай бұл өмір өте қысқа, мен бұл сынаққа шыдаймын. Өлімнен кейін мәңгілік өмір болады. Мен АЛЛАНЫ сенен АРТЫҚ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН!
Шайтанның көмекшісі болу тіпті де ойымда жоқ". Бұл хатты жұбайымның ашу-ызаға булығып отырып жазғанын түсіндім. Сонда да менің нәпсім: «Сенің екі әйел алуға хақың бар, оған мұны қабылдау қиынға соқса, ол оның ғана мәселесі. Үш баласымен ол қайда барады ғой дейсің?» - деп құлағыма сыбырлай жөнелді". Осы жайттан соң екінші әйеліме баруды жиілеттім, бірақ бірінші жұбайымның қайғырып жүргенін сезінбедім. Бұрынғыдай ештеме білдірмей жүре берді, кейде оның шыдамдылығына таңғалатынмын да. Тек таң намазын оқып жатқан жұбайымның әлсін-әлсін жылаған дауысын естіп қалатынмын. Мұндай жағдайға тап болған нәзік жанның қандай күй кешіп жүргенін біз – еркектер қайдан білейік? Жұбайым өзінің тақуа қалпынан еш өзгермеді. Біртіндеп менің ар-ұятым жанымды жей бастады да мен екінші әйеліме суый бастадым. Расын айтсам, ол мені тез-ақ зеріктіріп жіберді. Оны не үшін алғанымды өзім білемін әрі екінші үйленуім бір бассыздық болды ғой деп ойланып жүретін болдым. Алайда екінші әйеліме ұлының айтқан сөздері менің жүрегіме қадалған инедей болды. Ұлы: "Ана, неге сен намазды тек аға біздің үйге келгенде ғана оқисың?» - деген еді. Сонда ғана не бүлдіргеніме көзім анық жетті. Қалай бәрін қалпына келтірсем екен? Ақыр соңында, екінші әйеліммен ажырасып тындым. Содан кейін ғана кейбір ғалымдардың жасырын некенің жарамсыз деп айтқанын естідім. Екінші әйелмен некелескен кезім мен үшін бір қорқынышты түс сияқты болды, сол үшін мен Алладан кешірім сұрап жалбарынудамын. Алла разылығы үшін, бір жұбайыммен тату-тәтті өмір сүргеннің орнына тән рахатын ойлап екінші әйелмен жасырын неке қидырдым. Қымбатты аға-бауыр, інілерім, мен қатты қателестім, сіздер қателеспеңіздер. Негізінде, екінші әйел алуда бәрін шариғатқа сай дұрыс жасау әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Екі әйелді тең ұстау мықты тақуалық пен ауқаттылықты талап ететін дүние екен...