СМАЙЫЛ СҮЙЕРҚҰЛҰЛЫ: ҚАРИЛАР ҮШІН ИЖАЗА ОРТАЛЫҒЫН АШУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫРМЫЗ

СМАЙЫЛ СҮЙЕРҚҰЛҰЛЫ: ҚАРИЛАР ҮШІН ИЖАЗА ОРТАЛЫҒЫН АШУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫРМЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

– Смайыл мырза, елімізде діни білім беретін қанша оқу орны бар? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етсеңіз. Жаңадан ашылып жатқандары да назардан тыс қалмаса. Сондай-ақ, аталмыш діни оқу ошақтарына түсудің ерекшелігі жөнінде айтып берсеңіз.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты жоғары діни білімді маман даярлайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және арнаулы діни білімді маман даярлайтын 9 медресе колледж бар.

Нұр-Мүбарак университеті 2001 жылы ашылып, күні бүгінге дейін «Исламтанушы» деген мамандық бойынша 1800-ге жуық маман шығарды. Аталмыш университет тек исламтанушы мамандарды ғана емес «екі шет тілі», «дінтану» және «теология» мамандықтары бойынша маман даярлап келеді. Нұр-Мүбарак университеті қазіргі таңда еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындар қатарында. Жыл санап әлеуеті мен техникалық базасы артып келеді. Отандық исламтанушы ғылым докторларын дайындап, дін саласының майталмандарын қанаттандырып, қызметін әртараптандыру үстінде. Дін ғалымдарының шығуымен діни салада айтары бар отандық ғалымдар легі діни сұраныстар мен мәселелерге дер кезінде жауап беретін болады. Діни басқарманың алдыға қойған мақсаты да осы. Себебі ғылымсыз, ғалымсыз діндарлар мен жамағатты ұйыстыру мүмкін емес. Қайшы жағдайда шетелдік ғалымдар мен мақсаты мен мүддесі бұлыңғыр дін атын жамылған шейхтердің насихаты жамағат арасында етек алуы мүмкін. Ал оның салдарын айтпасақта түсінікті деп ойлаймын. Кешегі өткен он жылдық бізге осы тұрғыда сабақ болды.

Діни басқарма өзге мекемелер секілді жоғары және арнаулы діни білімді маман даярлауды қолға алғандықтан 2007 жылы алғашқы медресені ашты. Медресенің оқу бағдарламасы – 3 жыл. Сол медреселердің саны 9-ға жетті. Медреселер Білім және ғылым министрлігінің талабына сай колледж мәртебесін алып, заңды түрде жұмыс жасап келеді. Оны бітірген түлекке мемлекет тарапынан диплом беріледі. Ол дипломмен Нұр-Мүбарак университетінің 2 курсына түсе алады. Медреселер әр аймақтан ашылып, жоспарлы түрде өңірлерге қажетті мамандарды даярлап келеді. 9 медресе колледжді атар болсам, елордамызда «Астана», Алматыда «Әбу Ханифа», Шымкентте «Шымкент», Түркістан облысында «Сарыағаш», Ақтөбеде «Ақтөбе», Оралда «Орал», Алматы облысында «Үшқоңыр», Таразда «Һибатулла Тарази», Павлодарда «Әбу Бәкір Сыддық» медресе колледжі бар.

Діни басқарма әзірге жаңа медресе ашуды жоспарлап отырған жоқ. Себебі санға емес, сапаға жұмыс жасау – басты мақсат. 9 медресені жыл сайын бітірушілер саны аз емес, мәселен биыл 366 түлек бітірді.

Нұр-Мүбарак университетіне түсу үшін алдымен шығармашылық емтихан тапсырады, одан өткендер кешенді емтиханға кіреді. Егер биыл мектеп бітіріп жатса, ҰБТ-ға кіріп, сол жерде «Оқу сауаттылығы» мен «Қазақстан тарихы» пәнінен емтихан тапсырады. ҰБТ-да осы екі пәннен шекті бал 50 болса, мейлінше жақсы ұпай алуға тырысуы керек. Содан кейін шығармашылық емтиханға берілетін баға 50 ұпай болғандықтан, екі емтихан балы қосылып, грантқа үміткер атанады. Әрине кімнің ұпайы жоғары болса, мемлекеттік грантқа түседі. Балы жетпегендер ақылы бөлімде оқуына болады.

Медреселерде қабылдау емтиханы арнайы құрылған комиссия арқылы сұхбат негізінде қабылданады. Сұхбат кезінде талапкердің мектептегі үлгерімі, дінге деген қызығушылығы, талпынысы мен ой өрісіне қарап бағаланады. Себебі мектепте жақсы оқыған баланың медреседе де сабақ үлгерімі жақсы болатыны тәжірибеден белгілі. Сонымен қатар діни сауаты да назарға алынады. Медреселер колледж мәртебесін алғандықтан бірнеше жыл болды 9 сыныптан кейін де талапкер қабылдайды. Өйткені 9 сыныптан кейін медресеге оқуға ниеттілер саны көп болады. 11 сыныптан кейін оқуға ниетті талапкерлер саны он жыл бұрынғымен салыстырғанда көрсеткіші төмендеп барады. Оның себебі неде екенін ашып айта алмаймын. Медресеге түсу үшін ҰБТ тапсыру қажет емес.

Аллаға шүкір, қазір медреселерге де жергілікті білім басқармалары тарапынан мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Ол дегеніміз медреседе мемлекеттік грантпен оқып, степендия да аласыз деген сөз.

 – Ұлт ұстазы Ақаң «Ұстаз –мектептің жүрегі», – деген. Осы тұрғыдан алып қарағанда медресе-колледждерді білікті діни мамандармен қамтамасыз ету барысы қандай деңгейде? Тиісті оқулықтармен қамтылу жағы қалай болып жатыр?

– Қай салаға болмасын білікті маман керек. Мамансыз нәтижеге қол жеткізу бос сөз. Сондықтан діни басқарма медреселерде ұстаздық ететін мамандардың жоғары діни білімді болуын талап етеді. Ұстаздық ететін мамандар негізінен Нұр-Мүбарак универсиетін бітірген түлектерден алынады. Сонымен қатар Түркия Дін істері басқармасына қарасты Хасеки институтына Нұр-Мүбарак университеті мен медреселерді бітірген түлектерді жолдап, 3 жылдық оқу мерзімін бітірген түлектерден талапқа сәйкес келетіндерін ұстаздық қызметке тағайындаймыз.

Оқулық мәселесіне келер болсақ, медресе колледж мәртебесінде болғандықтан мектептегідей студенттерге бірыңғай оқулық таратылып берілмейді. Бірақ бекітілген пәндер бойынша арнайы оқу құралдары мен кітаптар бар. Өтілетін пәндерге қатысты оқу құралы кітапхана қорына алынады. Ал студенттер кітапханадан алып оқиды. Кітапхана медресе ғимаратынан тыс жерде емес, соның ішінде болғандықтан қолжетімді.

– Елімізден тысқары шетелдерде де дін мамандары дайындала ма? Болса, қандай мемлекеттерге шәкірт жолданады? Олармен қарым-қатынастарыңыз қандай?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар шетелдік діни басқармаларымен өзара ынтымақтастық туралы келісімі бар. Сол келісімдерге сәйкес діни білім аламын деген талапкерлерді оқуға жіберіп келеді. Діни басқарма негізінен Мысыр Араб республикасы, әл-Азһар университеті мен Түркия Дін істері басқармасына қарасты Хасеки институтына шәкірт жіберіп келеді. Неге осы екі мұсылман еліне ғана көбірек жібереді деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Араб әлемі ішінде Мысыр Араб республикасымен еліміздің байланысы жақсы, Нұр-Мүбарак университеті екі елдің келісімі негізінде ашылып, маман даярлап келеді. Сонымен қатар әл-Азһар университеті – 1000 жылдық тәжірибесі бар әрі мұсылман әлемінде өзіндік орны бар оқу орны. Онымен ешкім таласа алмайды. Сондықтан осындай оқу орнында маман даярлау – заман талабы.

Ал Түркия Дін істері басқармасына қарасты Хасеки институты да жоғары білікті маман даярлауда өзіндік тәжірибесі бар. Ол жерге діни жоғары білімнен кейін ғана түсе алады. Бірақ біздің өтінішімізді қабыл алып, медресе бітірген түлектерді де қабылдап келеді. Шетелдік діни оқуға жолдаған шәкірттермен тығыз байланыс орнату үшін діни басқарма «Талаба» қауымдастығын құрды. Осы мақсатта Мысыр мен Түркия және Сауд Арабиясында жауапты өкілдерін тағайындады. Сондықтан шәкірттермен байланысымыз жақсы деп айта аламын.

– Үлкен қалаларда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету күрделі мәселе екені көпшілікке белгілі. Ал, сіздерге қарасты Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәденениеті университеті мен медресе-коллдеждеріндегі студенттерді жатақханамен қамту жағы қалай шешілуде?

– Студенттер үшін жатақхана ауадай қажет екені белгілі. Нұр-Мүбарак университеті жатақхана мәселесін түбегейлі шешпегенімен 600 орындық жатақхана салды. Университетке түсушілер саны жыл сайын артып жатқандықтан барлық студентті жатақханамен қамтамасыз ету әзірге мүмкін болмай тұр. Алдағы уақытта қосымша ғимараттар салынады деп жоспарланғандықтан бұйыртса ол мәселе оң шешімін табады деп үміттенемін.

Медреселерге келер болсам, барлық медресе студенттері жатақханамен қамтамасыз етілген. Өйткені медресе ашылғанда қабылданатын студенттерге сәйкес жатақханасы бірден қарастырылады. Сол себепті медреселерде жатақхана мәселесі шешілген.

– Ел тәуелсіздігін алған жылдары қаракөздеріміздің арасында қариларды саусақпен санап алуға болатын еді. Қазір елеулі жетістікке жеттік. Жалпы республика бойынша қариларды дайындау барысына тоқталсаңыз?

– Қасиетті Құран Кәрімді насихаттау – Діни басқарманың басты мақсаты. Шариғатымызда Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйрету сауапты амал. Құран Алланың сөзі, оны жаттау әрбір мұсылманның арманы, ол үшін барын салуға тырысады. Мұсылман елдерінде ғасырлар бойы Құран жаттау орталықтары ашылып, қарилар дайындады. Діни басқарма да осынау ұлық амалды жүзеге асыру үшін мешіт жанындағы сауат ашу курстарында Құран оқу мен жаттатуды үйретіп келеді. Ал қари болғысы келетіндерге арнап Құран жаттау орталықтарын ашты. Қазіргі таңда ресми тіркеліп жұмыс жасап тұрған 7 қарилық орталық бар. Бұдан бөлек орталық мешіттер жанындағы курстарда мыңдаған бала Құран жаттап, қари болуға талпынып жүр.

Жыл өткен сайын Құран жаттаған қариларымыздың саны артып келеді. Қала берді ижазасы бар қариларымыз да көбейді. Ижаза демекші, бірқатар қариларымыз ижаза алу үшін Түркия мен Мысырға барып, атақты қарилардан тәлім алып жатыр. Ижаза дегеніміз –ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күні бүгінге дейін тіні үзілмей келе жатқан ұстаздар тізбегімен берілетін рұқсатнама. Сол ижазаны алу оңай емес.

Бас мүфтидің шешіміне сәйкес ижаза алғысы келетін қариларға арнап, ижаза беру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Орталыққа танымал шетелдік қариларды шақырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі олардың бұл саладағы тәжірбиесі мол. Мақсатымыз солардың тәжірибесін меңгеріп, отандық қарилардың деңгейін көтеру. Нәтижеде алдағы уақытта біздің де қариларымыз бірнеше қырағат иесі болып, ижаза беретін қариларымыздың санын артатын болады. Алла сол күндерге жеткізсін деп тілеймін.

– Сұхбатымыздың соңында бөлімнің жұмыстары мен алдағы жоспарларыңыз жөнінде оқырмандармен бөліссеңіз.

– Біздің бөлім «Діни білім және кадр дайындау» бөлімі, яғни болашақ иман не ұстаз болатын мамандарды дайындаумен айналысады. Біз кадр тағайындаумен айыналыспаймыз, біз маман дайындаймыз. Бөлімге Нұр-Мүбарак университеті, 9 медресе колледж, 7 Қарилар дайындау орталықтары, діни сауат ашу курстары мен Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты қарайды. Аталған оқу орындар мен курстардың бағдарламасы, қабылдау емтихандары және бітірген түлектерді жұмыспен қамтамасыз етумен айналысамыз.

Қазір санға емес сапаға жұмыс жасайтын уақыт, сондықтан сапалы маман даярлау үшін білім берудің тиімді жолындарын жетілдіріп отырамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей кезек «Ижаза беру орталығын» ашу болып отыр.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет.

 

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ,

«Иман» журналы, №8, 2022 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: