Құрбан шалудың артықшылығы

Құрбан шалудың артықшылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

    Жаратушымызға сансыз мақтаулар болсын, Алла Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) игіліктер мен сәлемдер болсын. Діни мерекелеріміздің бірі болып саналатын Құрбан айт мерекесі де жақындап келеді. Құрбан айт мерекесінде жұртымыз Алла жолына өздерінің арнайы даярлап жүрген құрбандық малдарын шалуға өз әрекеттерін жасайды. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!» (Кәусар сүресі 3-ші аят). Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Құрбандық жайында сұраған кезде: "Бұл-бабаларыңыз Ибраһимнен қалған сүннет болып табылады, шалынған малдың әрбір қылшықтары, түктері үшін сауап аласыздар",- деп жауап берген екен. (Ибн Мәжә риуаяты).

      Құрбандық араб тілінің "құрб" сөзінен шығып, "жақындау, жақын болу деген мағыналарды білдіреді. Яғни, біздер Алла жолына арнап мал сойып, Аллаға жақындай түсеміз. Бұл да ғибадаттың бір түріне жатады.

   Хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Адам баласы үшін құрбан айт күндерінде Алла Тағала жолында құрбандық шалудан артығырақ, яғни сүйкімдірек амал жоқ. Ол күндері шалған құрбандықтары қиямет күні өз иелеріне куәлік етеді. Құрбандықтың қаны жерге түспестен алдын дұғасы қабыл болады. Демек, құрбан шалып көңілдеріңді шаттандырыңдар",- дейді.

Құрбандықты шалудың уақыты

Зұлхижжа айының оныншы күні айт намазы оқылғаннан бастап, он екінші күнінің күні батқанға дейін жалғасады. Яғни, айттың үшінші күнгі ақшам намазына дейін. Бұл ғибадат пақыр-кедей мен жолаушыларға уәжіб емес. Құрбандыққа сойылатын малдар: қой, ешкі, сиыр және түйе. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы керек.

Құрбандыққа дайындаған малдардың бойында еш кемшіліктер болмауы тиіс. Екі немесе бір көзі жоқ болса, арықтау болса, ақсақ, құлағы мен құйрығының үштен бір бөліктері кесілген болса, сойылатын жерге өз аяғымен жете алмайтындай деңгейде болатын болса т.б. мұндай малдар құрбандыққа жарамайды. Қой мен ешкі бір кісі (отбасы) үшін, сиыр мен түйе бір адамнан жеті адамға (отбасы) дейін арналып шалынады. Жеті кісі серіктесіп сойылған мал еттері теңдей етіп жетіге бөлінуі керек. Әйтпесе, құрбандықтары есепке алынбайды. Әрбір адам өзінің құрбандық еттерін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж адамдарға, бір бөлігін көрші-туыстарына пісіріп, қонақ етуіне және қалған бір бөлігін өз шаңырағына қалдыруы – сүннет амалы.

Құрбан шалуға қатысты кейбір мәліметтер:

- Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, жолаушы емес, нысаб жағынан айтатын болсақ, күнделікті өз қажетінен бөлек өз қорында тұрған, яғни 85 грамм алтын немесе күмістің құнындай дүниеге ие болған әрбір мұсылманға уәжіб болып саналады. Бұл нысапқа өз үйі, көлігі, мал-мүлкілері де кіре береді. Ең бастысы жоғарыдағы аталған нысаптарға ие болғанына бір жыл толуы керек. Демек, былайша айтқанда әрбір жағдайы бар мүміндер үшін уәжіб болып табылады.

- Бір кісі құрбан айтта бірнеше құрбандық шалған болса, олардың біреуі ғана уәжіб болады да, қалғаны жәй нәпіл (садақа) құрбандық болып қалады.

- Бірнеше кісі бірігіп бір малды (сиыр, түйе) құрбандық шалып жатқан кезде, қасапшы әрбір адамдардың аттарынан деп, тілге тиек етіп, жеке-жеке атап шығуы шарт емес, шын жүректерінен шыққан ниеттері болса жеткілікті.

- Жағдайы бар (бай) кісі құрбан айты жақындап қалғанда белгілі себептермен кедей, пақыршылыққа айналып қалған болса, онда оған құрбандық шалу міндет емес.

- Соямын, шаламын деп арнайы алып қойған малы жоғалған немесе өлген болса, иесінің мойнынан құрбандық түседі. Орнына басқасын алып сою шарт емес. Егер де жоғалғаны кейінірек табылып жатса, ол кезде оны (табылғанды) сою, шалу міндет болып табылады.

- Ақшасын санаулы күндерде (қарызға) беремін деп құрбандыққа мал алған болса, қабыл етіледі. Алған қарыз сол отбасының барлығының мойнында тұрады.

- Мынаны естен шығармағанымыз жөн, құрбан шалу тек зекет беретіндей бай адамдарға ғана емес, пітір садақасын төлей алатын жағдайдағы әрбір мұсылманға уәжіб болып табылады.

Құрметті оқырман!

Құрбан айт мерекесі қарсаңында бұл мерекені қадірлеу үшін дінімізге, отанымызға және өз шаңырағымызға пайдалы істер жасап, айт күндерінде ғибадаттарымызды толықтай орындап, ізгі амалдармен айналысып, көңілдерімізді шаттандырайық. Ата-ана, бауыр, туысқандар мен дос-жарандарымыздан хабар алып, басымызға әркез амандық таңының атуын тілеп, мерекені ақ жарқын, шын көңілмен өткізуге атсалысуды нәсіп етсін.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: