Биыл еліміз Ораза айт мерекесін ерекше атап өтті. Ерекше дейтін себебіміз – екі жыл пандемияға байланысты 2020 жылы айт намазы оқылмаса, былтыр намаз оқылғанымен, санитарлық талаптарды сақтау мақсатымен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмаған еді.
Ал 2 мамыр күні таңертең Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Діни басқарма ұжымы және 19 өкілдікке қарасты барлық мешіт имамдары айт мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге ат салысты.
Малайзияда 30 күн тойланса, қазақ елі бейресми түрде үш күн атап өтетін Ораза айт мерекесін Қазақстан мешіттері қалай өткізді, қандай мерекелік іс-шаралар өтті, қысқаша баяндап өтуді жөн санап отырмыз.
Әдеттегідей мереке айт намазын оқумен басталды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде айт намазына имамдық жасаса, басқа мешіттерде, өкілдіктерге қарасты құлшылық орындарында бас имамдар намаз өткізіп, құтба оқыды.
Нұр-Сұлтан қаласының мешіттерінде Ораза айт мерекелік іс-шараларға жалғасты. Мәселен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қазақы дәстүрімізге сай айтшылап келген қонақтар үшін қос киіз тігіліп, мешіт атынан мерекелік дастархан жайылды.
Арнайы жайылған айт дастарқанынан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Алтай Сейдірұлы бастаған құрметті қонақтар дәм татып, ізгі тілектерін білдіріп шықты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айт мерекесінің қадір-қасиеті жайлы сөз қозғап, ақ жаулықты апа-әжелерімізге риясыз алғысын білдірді.
Айта кетейік, мешіт ауласында мейрамға орай Әйел-қыздар секторы «Қайырымдылық жәрмеңкесін» қоса ұйымдастырып, жамағатқа қолдан дайындалған түрлі тағамдар мен тәттілер ұсынды.
Сондай-ақ спорт сайыстары ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ұлықталды. Одан бөлек «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Ораза айт мерекесі аясында «Мейірімділік жәрмеңкесі» өтсе, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде 500 адамға айттық дастарқаны жайылды.
Алматы мешіттерінде айт намазынан соң, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтсақ, арқан тарту, асық ату, қой көтеру сынды ұлттық спортты жаны сүйер ер азаматтар сайыста белсенділік танытты. Оза шапқан жүйріктерді бағалы сыйлықтармен марапаттап, мереке қызығы арта түсті. Сондай-ақ Алматы Орталық мешітінде 500 адамға айттық дастарқаны жайылса, 2500 балаға айттық сыйлығы таратылды.
Алматы аймағы өкілдігі мерекені сезіндіру мақсатында балаларға ерекше құрмет көрсетті. Мәселен Іле аудандық «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітіні ұйытқы болуымен 500 балаға айттық сыйы берілсе, 500 дана шырын мен 500 дана балмұздақ басқа балаларға таратылды. Сондай-ақ имамдар мұқтаж отбасылардың үйлеріне арнайы айтпен құттықтауға барып, азық-түлік салынған қораптарды табыстады.
Шымкент мешіттерінде де айт намазынан кейін қол күрес, арқан тартудан, кіртасын көтеруден сайыс өтті. Кіл мықтыдан кіл мықтыны анықтаған жарыс соңында жеңімпаздарға өкілдіктің арнайы дипломы мен кәде-сыйлықтары табыс етілді. Сонымен бірге шаһар мешіттерінде мереке күндері қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді.
Қарағанды өкілдігі жамағатқа мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында таңғы ас ұсынып, спорттық сайыстар өткізді. Әсіресе, қазақ күресінен жарыс өтіп, белдесулерге ересектермен бірге балалар да қатысты. Бұл күні жас та, жасамыс та арқан тартысып, асық атты. Осылайша отыз күн оразадан кейінгі айтты ерекше көңіл-күйде өткізді.
Қостанай облысының мешіттерінде «Балаларға базарлық», «Айттық» кәде сыйлықтары таратылды. Айт шайы ұйымдастырылып, мешіт аулаларында спорттық шаралар өткізілді.
Өскемен аймағы өкілдігінде айт намазынан соң бабалар рухына Құран бағышталып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасалды. Мешіт ауласына алты қанат ақбоз үй тігіліп, «Уақып» қорының атынан ас-шай таратылды. Арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан өткен сайыстарға жастар белсенді қатысып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар мешіт алдында «Бір келген он екі айда Рамазан» атты облыстық мүшәйра қорытындыланып, ақындарға жүлде таратылды. Мешіт ауласында ақындар өлең оқып, айттың ажарын асыра түсті. Одан бөлек айт намазы алдында мешіттен дәріс алған жас жеткіншектерге сыйлықтар таратылды.
Павлодар облыстық өкілдігі ұйымдастырған мерекелік шараларда аймаққа белгілі әнші-күйші өнерпаздар өнерлерін бұқараға паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты. Бұл күні ұлттық спорт ойындарына да мән беріліп, жасөспірімдер арасына қазақ күресі, арқан тартыс, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру секілді сайыстар да өткізілді.
Талдықорған өңірінің имамдары айт намазынан соң еліміз бен жеріміздің амандығын тілеп, жамағатпен бірге дұға жасады. Ұлық мереке намаздан кейін мешіт ауласында спорттық-қайырымдылық шарамен жалғасын тапты.
Жамбыл облысының мешіттері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж отбасылардың үйлеріне айттық қоржынын жеткізіп берді. Айт намазынан кейін мешіт жамағатына құрма таратылып, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды.
Ақмола облысында айт мерекесіне орай жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Застанционный кентіндегі жаңа құлшылық ордасының ашылуына Облыс бас имамы Қуаныш Сәбит қатысып, өңір тұрғындарын Ораза айтпен құттықтады. 150 адамдық жаңа мешітте алғашқы айт намазы оқылып, ел амандығы үшін дұға жасалды.
Қызылорда облысының мешіттерінде Айт намазын оқуға жиылған жамағат құлшылығын орындаған соң, ақ дастарқаннан дәм татып, ұлттық спорт ойындарына қатысты. Сайыс жеңімпаздарына қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталса, балаларға айттық тәттілері таратылды. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға азық-түліктей және т.б. көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Батыс Қазақстан облыстық өкілдігі орталық мешітте 30 күн Құран хатым оқыған Шымкент қаласының «Ықылас» қарилар орталығының шәкірті, 17 жастағы қари Абдулазиз Исаұлының иығына шапан жауып, астына ат мінгізсе, «Ақсақалдар алқасының» мүшесі, мешіт жамағаты, тарауық намазын үзбей оқыған 80 жастағы Амангелді Абдрахмановқа ұмра қажылығының жолдамасы сыйға тартты. Намаздан кейін мешіт жанынан киіз үй тігіліп, бауырсақтар мен көжелер тегін таратылды. Балаларға арналған «Айт құтты болсын» қоржындары берілді.
Атырау облысы жұртшылығы айт мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Облыс, қала, аудан, ауыл мешіттерінде ауқымды деңгейде бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Айт намазына 23 мың адам қатысып, уағыз-насихаттар айтылды. Ақсақалдарға, аналарға құрмет көрсетілді. Жамағат арасында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, 10250 балаға айттық үлестірілді.
Маңғыстау облысында да Ораза айт мерекесі кең көлемде атап өтілді. Құлшылық үйінің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүр дәріптеліп, қазақ күресі, кіртасын көтеру, арқан тартыс сынды спорттық ойындар өткізіліп, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталса, көпшілік осындай іс-шараны ұйымдастырған дін қызметкерлеріне алғыстарын айтып, дән риза болып қайтты.
Ақтөбе облысы мешіттерінде 35 000 адам айт намазын оқыды. Таңмен таласа құлшылыққа асыққан халықтың үлкені мен кішісі қатар тұрып сап түзеп, имамға ұйып, дұға-тілектерін айтты. Сонымен қатар айт намазының алдында «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында республика бойынша 549, Ақтөбе өңірі бойынша 26-баспана кілті Хабиболла қари Раушанға табысталды. Мерекеге орай ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Ұлық мерекеде облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы Нұрислам есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, салт-дәстүріміз насихатталды. Одан өзге жиналған қауым айт дастарханынан дәм татты.