Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Munara TV» телеарнасы қасиетті Қадір түніне орай тікелей эфирде бес сағаттық бағдарлама ұсынды.
Эфирде алдымен ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қадір түнінің ұлықтығы мен қасиеті жайында жамағатқа уағыз айтты. Кейін құптан және тарауық намаздары оқылып, Бас мүфти Құран хатым дұғасын жасады. ҚМДБ Төрағасы қасиетті кеште елдің амандығы, бірлігі, тұтастығы мен тұрақтылығы үшін дұға етті. Одан ары құптан намазынан бастап таң намазына дейін «Munara TV» арнасы үзбей тікелей эфирде хабар таратты.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен Қадір түнгі құлшылық-ғибадатқа Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, басқа да ел ағалары, зиялы қауым өкілдері қатысып елорда жұртшылығына ізгі лебізін жеткізді.
Сондай-ақ «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» жобасы ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сұхбатынан бастау алып, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Төрағасының кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы, «Уақып» қорының директоры Ардақ Оразбай, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл және Уағыз-насихат бөлімінің маманы Думан Сайфолланың қасиетті түннің маңызы туралы сұхбаттарымен жалғасты.
Тікелей эфир барысында тарауых намазын бастан-аяқ оқып, елдің ықыласына бөленген жас қари Мансұрхан Валихан арнайы сұхбат берсе, ақсақалдар ақ батасын жаудырды. Қадір түніне арналған эфир «MUNARA TV» арнасынан бөлек 5 сағат бойы ҚМДБ-ның әлеуметтік желілерінде де таратылды.