ДІНИ БАСҚАРМА АЛМАТЫДА ЖАМАҒАТҚА АУЫЗАШАР БЕРДІ (ФОТО)

ДІНИ БАСҚАРМА АЛМАТЫДА ЖАМАҒАТҚА АУЫЗАШАР БЕРДІ (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыда көпшілікке ауызашар берілді.

Игі шара Құран оқумен басталса, ҚМДБ Төрағасы, Наурызбай қажы Тағанұлы өмірден өткен марқұмдардың рухына дұға бағыштады.

Ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер, зиялы қауым өкілдері, өнер мен мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен белсенді жастар құрметті қонақ болған ауызашар дастарқанында Бас мүфти жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, қасиетті Рамазан айымен құттықтады.

«Рамазан айындағы құлшылық-ғибадаттарыңызды, дұға-тілектеріңізді қабыл етсін! Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін!

Алла Тағала қасиетті Құранның «Шарх» сүресінде: «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан айында жамағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құлшылық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жеткізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жаратушы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз.

Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені, қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деген сүйінші хабар жеткізген.

Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сондай-ақ Бас мүфти барша мұсылман қауымының тұтқан оразасы, жасаған ізгі амалдары қабыл болуын сұрап, жамағатпен бірге дұға жасады. Ал сөз кезегін алған ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері Бас мүфтиге алғыс білдіріп, Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тіледі.

Ауызашар дастарқанында иләһи әндер мен термелер орындалып, жас таланттардан құралған «Аттила» тобы жарапазан жырын айтты.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: