#Меркі ауданы: Рамазан - кешірім айы

#Меркі ауданы: Рамазан - кешірім айы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меркі ауданына қарасты барлық мешіттерде Рамазан айының қарсы алдында «Рамазан кешірім айы» тақырыбында уағыз-насихат айтылды.

Жергілікті имамдар халыққа Рамазан оразасының әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды, жолаушы болмаған мұсылманға парыз екендігін, ораза деген – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы керек екендігін ашып түсіндіріп берді.

Оразаны тек Алланың разылығы үшін ұстау керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабынүміт етіп, ораза ұстаса, оның бұрынғы жасаған күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

Тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы –рақым, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деп айтылған.

Рамазан айында тарауық намазын оқу сүннет.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген.

Ең бастысы мұсылманның оразасы тек ашығумен ғана шектелмей, игі амалдарды атқаруымызбен толығуы қажет. Сонда ұстаған оразамыз біздер үшін рухани медресеге айналып, оның екі дүниеде шынайы пайдасын көре аламыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ол ауыз ашқан кезде қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала ақыретте осы қуанышқа қауышқандардан қылсын, Рамазан айын баршаларымызға мүбәрак етіп, қасиетті айда ұстайтын ораза, тілейтін дұғаларымызды қабыл етіп, елімізге, жерімізге амнадық пен есендік бергей деп барша мұсылманды Рамазан айымен құттықтады!

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: