Қазақстанда Эбола қызбасының табиғи ошақтарының тамыр жаюы және эпидемиялық таралуы үшін ешқандай жағдайлар жоқ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев мәлім етті.
"Қазақстанда Эбола қызбасының табиғи ошақтарының тамыр жаюы және эпидемиялық таралуы үшін ешқандай жағдайлар жоқ. Егер қандай да бір қауіп төне қалса, біздің медициналық мекемелеріміз вирусты жұқтырған адамды дереу анықтап, оны оқшаулап, емдеуге дайын тұр", - деді ол елордалық әуежайда журналистерге арналып жасалған баспасөз турында.
Комитет төрағасының айтуынша, елімізге шетелдерден Эбола вирусының кіріп кетпеуін қамтамасыз ету үшін қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар кешені жасалған. Шекаралардағы барлық өткізу аумақтарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген.
"Жыл басынан бері Мемлекеттік шекараның өткізу бекеттерінде 2 млн.-нан астам адам тексерілген. Инфекциялық аурулар жұқтырған адамдар кездеспеді", - деді Мәтішев.
Айта кетейік, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметтері бойынша, 10 қазандағы жағдай бойынша Эбола вирусын жұқтырған 8399 адам тіркелген. Олардың 4033-і қайтыс болды.