Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің мүшелері республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде қаңтар айындағы қайғылы оқиғада қаза тапқан жандардың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
«Алла Тағала Отан қорғау жолында опат болған сарбаздарымыз бен қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындарды мейіріміне алғай. Жаратушы Иеміз жарақат алған жандардың тез арада сауығып кетуін нәсіп еткей. Алла Тағала еліміз бен жерімізге тұрақтылық пен тыныштық беріп, бірлігіміз бен бейбітшілігімізді баянды еткей» деп дұға жасады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылып, кеңестің алғашқы жиыны өтті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері – Өмірзақ Озғанбайұлы, Амангелді Айталы, Бақытжан Ертаев, Оралбай Әбдікәрімұлы, Ғарифолла Есім, Смағұл Елубай, Жабал Ерғалиев, Марат Тоқашбаев, сондай-ақ ардагер имамдар қатысты.