Адамды сүй, Алланың хикметін сез. 2 бөлім

Адамды сүй, Алланың хикметін сез. 2 бөлім

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ғалымдардың пікірінше, махаббаттың үш түрі болатын көрінеді:

1. Ләззат үшін жақсы көру. Ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілік осыған жатады.

2. Пайда үшін жақсы көру. Әркімнің өзіне пайда келтіретін нәрселерді жақсы көруі.

3. Бір нәрсенің шын артықшылығын мойындап жақсы көру. Мысалы, біреуді ғылым-білімі үшін құрметтеу («Maycуатуль фиқһия». 36-том, 186-бет).

Адамды сүю мәселесіне тағы бір қырынан келер болсақ, мұсылман қауымы ең алдымен, ардақты пайғамбарымызды, оның әулетін, саңлақ сахабаларын ардақтауы керек. Шариғаттың да, адамшылықтың да талабы осы. Бұл махаббат адамның иманына да әсер етеді.

Ал Алланың адамға деген махаббатын қалай байқаймыз? Ғұламалар адамға берілген материалдық және рухани игіліктер Алланың ол пендеге деген махаббатының көрінісі екенін айтады. Олардың көшбасында, әрине, иман тұрады. Одан кейін Алла тағаланың ол адамды күнәлары үшін бірден жазаламай кешіріммен қарауы, тәубелерді қабыл етуі, өзі жақсы көретін және разы болатын істерге құлының бет бұруына жәрдем беруі, он екі мүшесін сау етуі, т.б. келеді («Maycуатуль фиқһия». 36-том, 186-бет).

Бұлардың бәрі көзіміз күнде көріп, сезіп-біліп жүрген үйреншікті дүниелер болғандықтан, қалыпты нәрсе ретінде қабылдауға бойымыз дағдыланған. Алайда бұлардың өзі түсінген жанға екі дүниелік дәріс беріп тұрған мол хикметтер. Ендеше, айналамызға жай көзбен емес, ғибрат көзімен қарауға көшетін кез келген секілді. Абай атамыз айтқандай, жақсылық көрсек ғибратты, оны бойға жинай білгеніміз жөн.

Бір хадисте былай делінген: «Егер Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштеге былай дейді: «Расында, Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сен де оны жақсы көр». Сонда ол құлды Жәбірейіл періште де жақсы көреді. Сосын өзге періштелерге былай деп жар салады: «Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сендер де сол адамды жақсы көріңдер». Сөйтіп бүкіл періштелер сол құлды жақсы көреді». (Бұхари, Мүслим).

Бірақ Алла адамды соншалықты хикмет нығметке, Өзінің шексіз махаббатына жайдан-жай бөлемеген. Алла тағала бізге жаудырған осыншалықты мол мейірімінің ақысын сұраса не істер едік? Оны қалай өтер едік? Әрине, біздің барымыз да, нарымыз да Алладан болған соң, оған төлер ештеңеміз жоқ. Ал енді осының шүкіршілігі ретінде Аллаға бас иіп, құлшылық етудің қаншалықты маңызды екенін өзіңіз топшылай беріңіз. Қасиетті Құран кәрімде: «Жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят) делініп, жаратылыс мақсаты білдірілген. Иә, Алланың хикметтерін сезген жан құлшылығын да махаббатпен атқарады. пен

Адамның Алла алдындағы бағасы, ең алдымен, иманына байланысты. Себебі иманды жан өз жаратылысына қарап, құдіретті Алла тағаланың көркем есімдерін 

байқай алады. Мәселен, адам баласының ешбір кемшіліксіз жаратылғандығы Алланың Субхан сипатынан хабар береді. Алланың бұл есімі бүкіл кемшілік, нұқсан атаулыдан пәк деген мағынаны білдіреді. Ал дүниеге келуі Алланың Халиқ – Жаратушы деген сипатын еске салады. Сондай-ақ адамның тәніндегі сан алуан ағзалары мен рухындағы мыңдаған сезімдері Алланың Қадир - Барлық нәрсеге құдіреті жетуші деген сипатын айғақтайды. Жер бетіндегі барша адамның әр күнгі несібесін уақтылы қамтамасыз етіп тұруы Жасаған иеміздің Раззақ (Рызық-несібе беруші) деген есімінің өмірдегі бір дәлелі. Адамды былай қойғанда, жердегі, көктегі, теңіздегі он сегіз мың ғаламның рызық — несібесі жайлы ойлап көріп пе едіңіз? Мұның бәрі де Алланың Ұлылығының алдында бас июге тұратын айқын белгілер емес пе? Абай атамыздың «Алланың хикметін сез» деп жырлауының бір себебі осында.

Сол сияқты адам бойынан Алланың Адил (Әділетті), Рахим (шексіз мейірімді), Жəyyад (жомарт) деген есімдерін көре аламыз.

Қысқасы, адам жаратылысы тұтастай тұнып тұрған хикмет, оқылып бітпеген кітап, сыры ашылып болмаған сандық. Ойланған адамға осы ғажап кітаптың ойы түсінікті болып, сандықтың сыры ашыла түседі. Ал өзі туралы да, айналамыздағы өзге жаратылыстар туралы да ойланбаған кісі үшін өмірдің мәні түкке де тұрғысыз. Мәселен, сәулет өнерінен еш хабары жоқ адамға ғажайып сарайдың сызбасын көрсетсең, ол ондағы айқұш-ұйқыш сызықтардан ештеңе түсіне алмайды. Ал көре білгенге ол керемет өнер туындысы. Сол секілді бойында иманы бар адам өзінің және барша 

жаратылыстың астарындағы даналықтарды кітап жазуын оқығандай айқын оқи алады.

Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деген даналығында, кем дегенде, осындай астар жатқаны анық.

"Даналық ойдан дән ізде" кітабынан

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: