Әбу Һұрайра (р.а.) былай келтірген: «Бірде түнгі намазды Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге оқып жолда келе жатқанымда, алдымнан бір әйел шықты. Мені тоқтатып: «Әй, Әбу Һұрайра, мен бір күнә жасадым, тәубе жасасам қабыл бола ма?» – деп сұрады. Қандай күнә жасағанын сұрағанымда, зина жасағанын, зинадан тапқан баласын өлтіргенін айтты. Мен: «Бір күнәмен қоймай сәбидің де қанын жүктепсің. Ант етейін, сенің тәубең қабыл болмайды», – дедім. Мұны естір-естімес әлгі әйел талып қалды.
Кетіп бара жатып: «Апыр-ай, Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзі тірі кезінде пәтуа беретін мен кіммін?!» – деп, кері бұрылып Пайғамбарымызға (ﷺ) барып мән-жайды түсіндірдім. Ол маған: «Өзің де оңбапсың, оны да жетістірмепсің. Мынадай аяттар барда, сен қалай ондай жауап айтасың.
Ұлы Жаратушы Құранда былай деген: «Олар Алладан басқа тәңірге табынбайды, нақты әділ үкім шықпайынша, Алла харам еткен жандыны өлтірмейді, зина жасамайды (міне солар шынайы құлдар). Кім бұларды жасаса, жазаға тартылады. Қиямет күні ондай адамның азабы үсті-үстіне еселеніп, мәңгілік жалғасады. Алайда тәуба етіп, ізгі амал жасағандар бұдан бөлек.
Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға айналдырады. Алла өте кешірімді әрі өте мейірімді». Мұны естігенде, әлгі әйелді қайта тауып алып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) айтқан пәтуасын білдірдім. Ол бұған жүрегі жарыла қатты қуанды, сөйтті де: «Бір бау-бақшам бар еді, соны Алла жолында садақа ретінде бағыштадым», – дейді. ...Ақыл-есіміз бен деніміздің сау кезінде біліп-білмей істеген қателік, кемшілік, күнәларымыз үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубәмізге келуді нәсіп ете гөр деп тілейік Жаратушымыздан.
asyldin.kz