Қытай билігі мұсылмандар көптеп шоғырланған Синьцзян аймағында азшылықты құрайтын ұлт өкілдерімен отау құрған тегі қытай азаматына (ханьдықтар) қаржылай қолдау көрсетеді. Аталмыш аймақтың кейбір аудандарында тамыз айының 21-нен бастап, бұл шара жүзеге асырыла бастаған көрінеді. Аралас некелі отбасылар тұрғын үйге оңай жолмен қол жеткізіп қана қоймай, медициналық көмекке, сондай-ақ, баларына білім берудегі артықшылықтарға ие болады. Яғни, қытай азаматына тұрмысқа шыққан өзге ұлт өкілдеріне ақшалай сый-сияпат көрсетіліп жатқаны жөнінде осы елдің құзырлы орындары экстремистік ұйым ретінде таныған Бүкіл әлемдік ұйғырлар конгресінің Мюнхендегі өкілі Ділшат Решит дабыл қақты. «Олар некені өздерінің саяси мақсаттарына жетудің құралы ретінде пайдалануда»,- деген ол түркілік мәдениет өкілі болып табылатын ұйғырлар мен ханьдықтардың дүниетанымы жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын алға тартып отыр. Сонымен қатар, Синьцзян аймағына қоныс аударған қытайларға да жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді.
islam.kz