ЖАСЫЛ ТҮС – ИСЛАМ ДІНІНІҢ СИМВОЛЫ

ЖАСЫЛ ТҮС – ИСЛАМ ДІНІНІҢ СИМВОЛЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өзге халықтар секілді қазақтың да дүниетанымында түстердің өзіндік символдық мәні, соған сай қасиеті бар. Қазақтың дәсүрлі дүниетанымының коды да осы түстерге байланған. Көк, қызыл, ақ, сары, қара, жасыл... әр түс әртүрлі символдық мағына береді. «Мұнара» газетінің алдыңғы сандарының бірінде ақ түстің мәні туралы мақала жариялағанбыз. Бұл жолы жасыл түстің астарында жасырынған құпияны анықтауға тырыстық...

Жасыл түстің символикалық мән-мағынасын халқымыздың мақал-мәтелдері мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен табуға болады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі босын) хадистерінде түр-түстің айрықша мағыналары бар. Ислам мәдениетін зерттеген көрнекті ғалым Фуад Көпрүлү Ислам мәдениетіндегі түстер символикасы жайындағы еңбегінде: «Жалаулардағы, киім-кешектердегі, нақыштардағы және шатырлардағы, қысқасы, осы сынды биліктің белгісіне айналған нәрселерде түр-түстердің үлкен маңызы мен символы бар. Көне дәуірлерден, яғни ең алғаш құрылған мемлекеттердегі осы түстердің маңыздылығын орта ғасыр дәуіріндегі Ислам және Түрік мемлекеттерінен де жалпылама көріп отырмыз. Аббаситтердің жалаулары мен киімдерінде қара түсті бояуды өздерінің белгісі етіп алғаны, тіпті сунни мемлекеттерде де осы түстің маңыздылығына орын берілгені белгілі. Ал шиғалық Фатимиттер халифалығы бұған қарама-қарсы ұғымда ақтүсті өздерінің ұраны етіп алып, өздерін пайғамбар әулетінен екенін білдіру үшін осы түсті қадір тұтқанқын білеміз», – дейді(Köprülü M.F., Barthold W. İslam Medeniyeti Tarihi. – Ankara, 1963. – 365 бет). ДемекИслам мәдениетінің дәстүріндеПайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түр-түстерге де өз ықпалын тигізгенін көруге болады. 

Адам баласының жаратылысы жайында айтылған хадисте үш түрлі түстің символикасына ишара етілген. Хадисте: «Расында, Адам (ата) үш түрлі топырақтан жаратылды: қара, ақ және жасыл», – деген (Мухаммад ибн Сағд ибн Маниғ Әбу Абдуллаһ әл-Басри Әз-Зуһри. Ат-табақату әл-Кубра. Тексерген Ихсан Аббас. – Бейрут: Дәр ас-Садр, 1968. – Т. 1. – 506 бет).

Халық түсінігінде жасыл түстің қазіргі кезде жастықтың, тазалықтың, сұлулықтың және табиғатты ерекше жасылдығымен баулитын көктем мезгілінің бейнесін сипаттап отырғаны баршаға мәлім. Алайда түр-түсті зерттеуші ғалымдар жасыл түстің көк түстен кейін пайда болғанын алға тартады.

Ғалымдар Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева және Б.Өмірбековтің1992 жылы Алматыдағы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Түр-түстердің тілдегі көрінісі» кітабында: «Өсімдік дүниесіне байланысты түр-түс атауларынан көбіне-көп қолданылатыны бірінші орында қара түс, екінші орында ақ түс, үшінші орында көк түс екен. Одан кейінгі орындарды қызыл, боз түстер алады. Өсімдік дүниесі болғандықтан біздің көбірек күткеніміз, әрине жасыл түс еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты: жасыл орман, жасыл желек деген бірнеше тіркестерден басқасын біз кездестіре алмадық. Оның себебі ертедегі түркі тайпаларының да, жасыл түсті көк түстен ажырата алмайтын дальтоник болуына, осыған орай «жасыл» атауының «көк» атауынан әлдеқайда кейін пайда болуына байланысты болса керек», – дейді.

Алайдақасиетті Құран Кәрімде және ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі борлсын) хадистерінде кездесетін жасыл түсі өзге түстерге қарағанда ерекше бағаланады. Өйткені жасылтүс – Ислам дінінің символы.Қасиетті Құран аятында: «Үстерінде жұқа және қалың жібектен жасыл түсті киімдер бар» («Инсан» сүресі, 21-аят), – деп жәннаттағы киім түсінің де жасылболатынын баяндайды. Пайғамбарымыздың да жасыл түсті ұнатқаны кейбір хадис дереккөздерінде кездеседі. Мысалы, мына хадисте «Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақсы көретін түсі – жасыл болатын», – деп айтылған (Табарани. Муғжаму әл-аусат. Баспаға әзірлеген Тариқ ибн Аудуллаһ ибн Мухаммад, Абдулмухсин ибн Ибраһим әл-Хусайни. – Әл-Қаһира: Дәру әл-харамайн, 1415. – Т. 6. – 39 бет). Рамса есімді сахабаның жеткізген хадисінде: «Пайғамбарды үстінде жасыл түсті екі киімімен көрдім», – дейді (İbrahim Canan. Hadis Ansiklopedisi. – İstanbul, Zaman. 14 cilt. – 558 бет).

Жасыл түстің символы хадистерде де, Ислам шариғатында да, сонымен қатар барша мұсылман әлемінде жоғары тұратыны әлі күнге дейін өз жалғасын табуда. Бұған еліміздегі және өзге де елдердегі мешіттердің күмбезі мен мешіт ішіндегі жайнамаздардың жасыл түсті екенін көптеп кездестіруге болады. Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерленген жерінің (қазіргі таңда зәулім мешітке айналып отырған) күмбезі де жасыл түске боялған.  

Қазақта «Жасыл киген жас-жаран – елдің сәні, Қызғалдақ гүл құлпырған – жердің сәні», «Жасыл желек жердің көркі» деген мақал-мәтелдер бар.Жоғарыдағы мәліметтерге сүйене отырып, мақал-мәтелдер мен хадистерде айтылған түр-түстердің әрқайсысының өзіндік символдық мәнге ие екенін аңғаруға болады. Мұндағы келтірілген түр-түс атаулары адам баласының сан ғасырлық тәжірибесінің қорытындысы һәм философиялық дүниетанымның жемісі болса керек. 

 

Батыржан БЕРДЕНҰЛЫ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №18, 2021 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: