Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Талас Омарбековтің қайтыс болуына байланысты марқұмның туыстары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтты.
«Талас Омарбекұлы қазақ тарихының қаптарындағы талай қазынаны аршыған еңбекқор ғалым еді. Әсіресе ел тарихының ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты қырын терең зерттеп, ащы ақиқатын халқына бөлісті. Отаршылық езгіге қарсы шыққан қазақтың ұлт қайраткерлерінің тұлғалық бейнесін жасады. Артына қаншама ізденімпаз шәкірттерін қалдырып, өзі де ұлттың жоғын жоқтаған тұлғаға айналды.
Осыдан бір ай бұрын ғана Діни басқарма ұйымдастырған «Қазақстандағы «дін дүрбелеңі»: кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына арнайы қатысып, «30-жылдары қазақ даласында бұрқ еткен халық көтерілістерінің басында дін өкілдері тұрды» деп зұлмат жылдардың қайғы-қасіретін көз алдымызға әкеліп, қуғын көрген дін қайраткерлерін ақтауды аманат еткен болатын. Сол кездегі ол кісінің рухтандырып айтқан жалынды сөздері, тарихи деректері әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұр.
Қашан да мүфтияттың игі бастамаларына қолдау білдіріп, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін аршудан талмаған, архивтерді ақтарып ұрпаққа тағылым болар талай құнды еңбектер қалдырған Талас Омарбекұлының есімі мен еңбектері қашан да қазақ тарихының көш басында тұрары анық. Алла алдынан жарылқап, мейір-шапағатына бөлесін! Әумин!» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.