Елбасы Н. Ә. Назарбаев "Хабар" арнасына берген эксклюзивті сұхбатында халықты ата-бабадан жалғасқан имандылыққа шақырып, жат топтар туындатып жүрген "халифат" мәселесінен Қазақстан азаматтарының бойын аулақ салуын тапсырды. "Біз тәуелсіздік жылдарында дінімізді қайтарып келе жатырмыз. Қазір қарап отырсаң, қазақтың еш уақытта дінінен айырылмағандығын көруге болады», - деген Елбасы "бүгінде біздің ғана дініміз жақсы деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болуда. Дін үшін бір мұсылман діні ішінде сүннит пен шиитке бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар да бар. Бір діннің ішінде соғысып жатқан католиктер де жеткілікті. Сондықтан да дін мәселесінде барынша абай болуымыз керек. Дінге бас ұрып жүрген кезде біз діннің жаман жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен дін орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз дегендер бар. Мұхаммед пайғамбардың сахабалары Омар, Осман, Әлидің кезіндегі халифатты қайта орнатамыз деген бұл жаулап алу мәселесі болатын», - деп нақтылады.
Діннің негізгі үндейтіні - имандылыққа баулу, Отанды қорғау, Құранның қасиеттерін орындау, және қайырымдылық мәселелері - кемтарларға көмектесу, бауырмалшыл болу, үлкенді сыйлау, елді бірлікке шақыру деген сияқты қасиеттер болса, осы қасиеттер мемлекеттің тұтастығы мен өркендеуіне арналса, онда діннің мемлекетке үлкен пайдасы, қамқорлығы болады. Елбасы осылайша діннің мемлекетті нығайтудағы пайдасына тоқталды. Өз сөзінде ол "Міне, осындай өзіміздің мұсылман дінін, ислам дінін құрметтеуіміз керек" деп түйді.
Иә, ислам қашан да адам баласын ізгілікке үндеген. Мұсылмандыққа берілген жан ешқашан да ешкімнің қанын төкпесе керек-ті. Ислам - барлық ғылымның қайнар көзі. Оны дұрыс меңгерген жан ғана тура жолдан айнымайды.
muslim.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.