Шри-Ланка билігі көтерілісшілердің қарулы қозғалысы кезінде қаза тауып, Шығыс провинциядағы Баттикалоада жерленген жүзден аса мұсылманның сүйегін қайта жерлеуге шешім қабылдады. Себебі, қаза тапқан мұсылмандар бұл жерде арулап, жаназасы шығарылып жерленбеген еді. Барлығын бір жерге үйіп, көміп тастаған болатын. Ел билігінің мұндай қадамға баруына марқұм мұсылмандардың туған-туыстарының талап-тілегі себеп болды. Осыған орай эксгумация Шығыс провинциядағы Калаванчикуди қалалық сотының қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Тарқатып айтқанда, 1990 жылдың шілде айының 12-і күні «Тамил Иламның азат ету жолбарысы» деп аталатын қозғалысына қарайтын көтерілісшілер кем дегенде 168 бейбіт тұрғынды (олардың бәрі мұсылман болатын) қырып салған еді. Олардың сүйегі Куруккалмадам жағажайындағы бауырластар зиратында жер қойнына тапсырылған болатын. Осыдан ширек ғасырдай бұрын көтерілісшілердің қолынан опат болған марқұмдардың сүйегі мұсылман ғұрпы бойынша қайта жерленетін болды.
islam.kz