Жапон мемлекетінде халал туризм өндірісі күннен-күнге қанат жайып, өркендеп келе жатыр. Бұл жайында мұсылман мемлекеттерінен келетін қонақтар да елдегі халал туризмнің өркендеп, жағдайдың жақсарғаны жайлы жағымды пікірлер білдіруде.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жапон еліне аяқ басқан сингапурлық Мұхамед Фархан өз естелігінде бес күн бойына тек шөп-шалам және тез даярланатын кеспемен қоректенгенін айтады. Араға аттай 8 жыл салып Жапнияға келген ол жергілікті асханалардағы халал тағамдардың қаптап тұрғанын көріп қайран қалған. Және мұның бәрін ол өзі орналасқан қонақ үйден алысқа ұзамай-ақ тапқан көрінеді.
Шынында да, қазіргі кезде жапон елінің кез келген түкпірінен халал асхана немесе намазхана іздеп әуре болмайсыз. Тіпті, елдегі ең ірі Кансаи әуежайы аумағындағы 16 мейрамхана мәзірінен шошқа еті мен спирті ішімдіктерді алып тастау туралы ниет білдіріп отыр.
Сарапшылардың зерттеуінше, Жапония 2020 жылы Токиодо өтетін Олимпиада ойындары кезінде мұсылмандарға арналған инфрақұрылымды жоғары дәрежеде паш етпек.
Айта кетейік, Жапония еліне мұсылман елдерінен саяхаттаушылардың саны да жылдан-жылға артып келе жатқандығы байқалады. Мысалы, 2013 жылы күншығыс еліне келген малайзиялықтардың саны 180 000 құраған. Бұл көрсеткіштердің 36 пайызға бірден көтерілгенін көрсетеді.